Жаңалықтар
Астанада Ата-аналар кеңесінің IV отырысы өтті
05 желтоқсан 2025
Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Ата-аналар кеңесінің IV отырысы өтті. Шараға NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин және еліміздің барлық өңірінен келген ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Басқарма Төрағасы жыл қорытындыларын ұсынып, оқушылардың жан-жақты дамуы мен олардың мектептегі әл-ауқатын қолдауға бағытталған негізгі жобаларды таныстырды, буллингтің алдын алуға бағытталған KiVa бағдарламасының нәтижелеріне, сондай-ақ оқушылардың когнитивті емес дағдыларын бағалаудың жаңартылған тәсілдеріне тоқталды. Сонымен бірге мектептердің ақпараттық-компьютерлік технологиялармен жабдықталуының айтарлықтай жақсарғанын атап өтіп, NIS-Programme оқу бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатының Финляндиядағы Түрку университеті тарапынан ресми танылуы күтілетінін айтты.
– Бірлескен жұмысымыздың сапасы артып келеді. Ата-аналармен коммуникация деңгейінің өсіп отырғанын көріп отырмыз. Туындайтын мәселелерді конструктивті форматта шешіп, барлық ата-анамен өзара түсіністік табуға ұмтыламыз, – деді Әнуар Жанғозин.
Отырыста Ата-аналар кеңесінің төрағасы Жомарт Омаров атқарылған жұмыс бойынша есеп ұсынып, өңірлерде жүзеге асырылған маңызды іс-шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ өз пікірлері мен тәжірибелік ұсыныстарын ата-аналар комитеттерінің өкілдері да бөлісті.
Өскемендегі NIS ата-анасы Әсем Нұрланова өз сөзінде балалардың эмоционалдық әл-ауқаты мәселесін көтеріп, мазасыздықтың негізгі себептері, «үздік болу» синдромы және ата-аналардың балаларына зор үміт артуының олардың күйіне әсері жөнінде ойын ортаға салды.
NIS Almaty-Nauryzbay мектебінің ата-анасы Назгүл Қабденқызы бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі жөніндегі өз көзқарасын ұсынып, мектеп пен ата-ананың тығыз өзара ықпалдастығының маңызын атап өтті.
Бұдан бөлек, дауыс беру нәтижесі бойынша республикалық Ата-аналар кеңесінің жаңа Төрағасы болып Павлодардағы NIS-тен Ажар Абылғазина сайланды.
Кездесу бағдарламасына «сұрақ–жауап» форматындағы ашық сессия да енгізіліп, онда ата-аналар білім беру бағдарламалары, қауіпсіздік және тамақтану мәселелерін талқылады.
Жиын соңында Ата-аналар кеңесінің белсенді мүшелеріне алғыс хаттармен марапатталды.