banner

Жаңалықтар

Қарағандыда ЖИ дәуіріндегі мұғалімнің рөлі талқыланды

news
14 тамыз 2026 |
204

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Қарағанды облысы педагогтерінің «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясына қатысты.

Басқосуға мемлекеттік органдардың, білім беру саласының, жергілікті атқарушы органдардың, бизнес өкілдері, педагогтер мен ата-аналар қауымдастығы қатысып, өткен оқу жылының қорытындысын шығарды. Сондай-ақ білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

Өз сөзінде Әнуар Жанғозин технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында мұғалімнің маңызы арта түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект күнделікті қайталанатын міндеттердің бір бөлігін атқара алады, бірақ мұғалімді алмастыра алмайды. Жаңа жағдайда педагог оқыту үдерісін ұйымдастырып қана қоймай, оқушының ойлауына және өз бетінше білім алуына мүмкіндік беретін орта қалыптастырады. Мұғалім оқушының тек нәтижесін емес, сол нәтижеге қалай жеткенін де бағалап, жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолданудың шекарасын айқындайды.

Бұл тәсілдің нақты бағыттарының бірі – жекелендірілген оқыту. Әнуар Жанғозин Beyim.ai платформасының мүмкіндіктерін мысалға келтіріп, технологиялар оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтауға және оның жеке білім алу бағытын қалыптастыруға қалай мүмкіндік беретінін көрсетті.

Конференция аясында инновациялық білім беру жобаларының көрмесі де өтті. Көрмеде цифрлық және IT әзірлемелер, білім беру ұйымдарының жобалары, сондай-ақ инклюзивті білім беру мен тәрбие жұмысына арналған заманауи шешімдер таныстырылды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-