Жаңалықтар
NIS оқушысы қол қимылын қалпына келтіруге көмектесетін тың шешім ұсынды
Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алина Алматова қолдың қозғалыс қабілеті бұзылған адамдарға арналған MoveUp инновациялық жүйесін әзірледі. Жоба оңалту жаттығуларын интерактивті ойындар арқылы орындауға және қалпына келу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
MoveUp арнайы джойстик пен ойын түріндегі бағдарламалық жасақтаманы біріктіреді. Пайдаланушы түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қолдың қимыл-қозғалысын жаттықтырады, сондай-ақ есте сақтау, зейін және логикалық ойлау қабілеттерін де дамыта алады. Құрылғыға орнатылған гироскоп, акселерометр және Raspberry Pi Pico W микроконтроллері қозғалыс көрсеткіштерін тіркейді. Жиналған деректер графиктер мен кестелер түрінде көрсетіліп, мамандарға оңалу барысын бағалауға көмектеседі.
Жүйенің тағы бір ерекшелігі – жаттығуларды үй жағдайында орындау мүмкіндігі. Арнайы аккаунттар арқылы пациент өз жетістіктерін бақылай алады, ал дәрігер оңалту барысын қашықтан қадағалайды.
Алина жобаны 2025 жылдың қарашасында қолға алған. Нейробиология, медицина, электроника және бағдарламалау салаларындағы білімді ұштастырған алғашқы прототипті NIS-тің информатика пәні мұғалімі Александр Шерцердің жетекшілігімен мектептің STEM зертханасында әзірлеп, бастапқы сынақтардан өткізді. Кейін жүйе Қостанайдағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларын қолдайтын қоғамдық бірлестікте тәжірибе жүзінде тексерілді. Алынған кері байланыс негізінде бағдарламалық жасақтама мен контроллердің құрылымына өзгерістер енгізілді.
– MoveUp жүйесін әзірлеу үшін бірнеше ғылым саласындағы білімді біріктіруге тура келді. Бірнеше ай бойы ғылыми материалдарды зерттеп, электрондық бөлшектерді құрастырып, түрлі сынақтар жүргіздім. Басты мақсатым – оңалтуды қажет ететін адамдарға үй жағдайында жаттығу жасауға мүмкіндік беру және мамандардың жұмысын жеңілдету. Болашақта мұндай технологиялар медициналық мекемелердің жүктемесін азайтуға да көмектеседі деп сенемін, – дейді Алина.
Айта кетейік, MoveUp жобасы Республикалық ғылыми жобалар конкурсының желілік кезеңінде бірінші орынға ие болды. Ал 2026 жылдың тамызында Алина өз әзірлемесіне авторлық құқық туралы куәлік алды.
Сонымен қатар MoveUp «ITeachMe» қоғамдық қоры ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған ITMLab 3.0 республикалық байқауының үздік он жобасының қатарына енді. Оқушы жүйені одан әрі дамытуға 700 АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алды. Қараша айының соңында ол Астанада өтетін байқаудың финалында өз әзірлемесін Құрылтай депутаттары мен венчурлық инвесторларға таныстыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Алина клиникалық зерттеу жүргізу үшін өңірлік университетпен және облыстық оңалту орталығымен ынтымақтастық орнатуға кірісті. Алдағы мақсаты – MoveUp жүйесін жетілдіріп, оны медициналық мекемелерде қолдануға мүмкіндік жасау.