Жаңалықтар
NIS оқушылары тағы да әлемнің үздіктері екенін дәлелдеді
01 қараша 2025
Панамада өткен беделді FIRST Global Challenge 2025 халықаралық робототехника олимпиадасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары төртінші рет әлем чемпиондары атанды. Осылайша, NIS командасы төрт жыл қатарынан әлемдік аренада көш бастап, қазақстандық білімнің сапасы мен әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы олимпиада экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және биологиялық алуандылықты арттыру тақырыбына арналды. Әлемнің 190-нан астам елінен келген жас инженерлердің арасында Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS оқушылары Досымжан Рашат, Ілияс Дәулет, Әлихан Орынбасаров, Мадиар Әсетұлы және Нұрасыл Тұрсымбаев үздік нәтиже көрсетіп, халықаралық төрешілерден жоғары баға алды.
Одан бөлек, оқушылар тағы екі жүлдеге қол жеткізді: Albert Einstein Award – жарыстың ең беделді әрі барлық көрсеткіштер бойынша ең жоғары алтын марапаты және Alliance Games кезеңінде Боливия, Руанда, Аруба және Ямайка елдерінің құрамаларымен бірлесіп иеленген қола жүлде.
Команданың бас жаттықтырушыларының бірі – NIS педагогі Дулат Байтуленов, сондай-ақ USTEM Foundation қорының өкілдері Асылбек Мурзахметов пен Нұрдәулет Досмағамбет жарысқа дайындыққа белсене атсалысты.
Еске салсақ, NIS командасы бұған дейін де үш жыл қатарынан әлемдік додада топ жарып, 2022 жылы Женева, 2023 жыл Сингапур және 2024 жылы Афина төрінде жеңіс туын желбіреткен еді.
Айта кетейік, ұлттық құраманы ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, USTEM Foundation қоры, «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері, Alem.AI жасанды интеллектінің халықаралық орталығы және Cannect.AI қазақстандық стартапы қолдады.