banner

Жаңалықтар

Астана қаласындағы Халықаралық мектеп түлегі IB DP емтиханынан рекордтық ұпай жинады

news
15 шілде 2024 |
1

Астана қаласындағы Халықаралық мектептің түлегі Акрам Сафиязов Халықаралық бакалавриаттың дипломдық бағдарламасы (International Baccalaureate Diploma Programme, IB DP) бойынша емтиханда максималды 45 ұпай жинады. Әлем бойынша мұндай нәтижеге сынақ тапсырушылардың тек 1% ғана қол жеткізе алады.


IB DP бағдарламасының емтиханы әлемдегі ең күрделі білім беру емтихандарының бірі. Бағдарлама алты пәнді қамтиды, сондай-ақ зерттеу жұмысын орындау, таным теориясы курсын өту де маңызды. Оқушылардың терең білімі мен аналитикалық дағдылары да талап етіледі.


– Бұл нәтиже Акрамның табанды еңбегі мен жоғары академиялық дайындығының дәлелі, – деп атап өтті Астана қаласындағы Халықаралық мектеп директоры Айдар Болатов.


– Мен QS World University Rankings бойынша әлемде 34-орында тұрған University of British Columbia және әлемде 83-орында тұрған Цюрих университеті сияқты АҚШ-тың беделді 8 университетінен грант алдым. Халықаралық бағдарламаға дайындалу барысында көрсеткен қолдаулары мен көмектері үшін ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар мектепте қоғамдық істермен айналысуға мүмкіндік болды, – деп атап өтті Акрам.


Сонымен бірге елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Альнұр Сағат IB DP бағдарламасының емтихандарынан максималды 45 ұпайдан 44-ін жинады. Альнұр толық қаржыландырумен АҚШ-тағы Лихай университетіне түсті.

Бөлісу: