
Жаңалықтар
Жүйелі-әдістемелік кешен материалдарын жүктеу саны 100 миллионнан асты

10 шілде 2025
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде мұғалімдерге арналған ең ірі цифрлық платформалардың бірі – Жүйелі-әдістемелік кешен сегіз жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Платформада NIS Білім беру бағдарламалары орталығының әзірлеген әдістемелік материалдары жинақталып, педагогтерге тегін қолжетімді түрде ұсынылған. Бүгінде ЖӘК материалдары тек Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері арасында ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі ұстаздар тарапынан да кеңінен қолданылып отыр.
Платформа 2016 жылы іске қосылды. Сол кезде жүйеде 26 мыңға жуық пайдаланушы тіркеліп, шамамен 5 мың оқу материалы орналастырылған еді. Бүгінде мұнда 400 мыңнан астам педагог бар, ал 1–11 сыныптарға арналған барлық пәндер бойынша оқу материалдарының саны 200 мыңға жетіп отыр. Жалпы жүктеу көрсеткіші 100 миллионнан асып, ЖӘК еліміздегі мұғалімдерге арналған толыққанды ұлттық әдістемелік қолдау жүйесіне айналды. 2025 жылғы шілде айындағы деректерге сәйкес, платформаны ең белсенді пайдаланатын педагогтер Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында шоғырланған.
ЖӘК контенті білім мазмұнын кезең-кезеңімен жаңарту аясында үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады. Мәселен, 4, 9 және 10-сыныптарға арнап сол кезде 55 мыңнан астам материал дайындалып, жүктелді, ал 2020 жылы 11-сыныптар үшін қазақ және орыс тілдерінде жаңа орта мерзімді жоспарлар мен күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар қосылды. Мұғалімдерге қолдау жүйелі әрі ұзақмерзімді түрде жүргізілгендіктен, бұл бүкіл ел педагогтері үшін бірыңғай ақпараттық-әдістемелік орта қалыптастыруға жол ашты.
Ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерін жүргізетін мұғалімдерге арнайы дайындалған медиатека да айрықша атап өтуге тұрарлық. Бұл бөлімде 2 мыңнан астам ресурс жинақталған. Олардың қатарында сабақ жоспарлары, презентациялар, дидактикалық материалдар, кітаптар, мақалалар, бейнематериалдар және виртуалды зертханалар бар. Әсіресе CLIL бағдарламаларын іске асыру жағдайында бұл өте маңызды. Аталған медиатека педагогтерге оқыту сапасын сақтап, көптілді ортада сенімді әрі нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
ЖӘК оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға да белсенді үлес қосып келеді. Осы мақсатта 7–9 сыныптардың II–III тоқсандарына арналған тапсырмалар бойынша оқырмандық, жаратылыстану және математикалық сауаттылықты дамытуға бағытталған бейнероликтер әзірленді. Бүгінде осындай роликтердің саны 400-ге жуықтап отыр. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда және Қазақстанның PISA сынды білім сапасын халықаралық деңгейде бағалайтын зерттеулерге қатысу жөніндегі стратегиялық мақсаттарын тікелей қолдайды.
2019 жылы Жүйелі-әдістемелік кешен БҰҰ Халықты орналастыру қорымен бірлескен жобаны жүзеге асырудың негізгі алаңына айналды.Нәтижесінде репродуктивті денсаулық тақырыптары биология, химия, тілдер және дене шынықтыру пәндеріне арналған 1000-нан астам сабақ материалына енді.
Сондай-ақ соңғы екі жыл бойы Жүйелі-әдістемелік кешен Оқу-ағарту министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 2023–2029 жылдарға арналған экологиялық білім мен тәрбие беруді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында қысқа мерзімді сабақ жоспарларын жүйелі түрде жариялап келеді.