banner

Жаңалықтар

Қостанайдағы NIS мұғалімі еліміздің үздік педагогі атанды

news

21 қазан 2025

Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Александр Шерцер Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған республикалық «Үздік педагог 2025» байқауында жеңіске жетті.

Александр Шерцер NIS жүйесінде 10 жылға жуық қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде педагог оқушылардың цифрлық ойлау қабілетін дамыту мен инновациялық білім беру үдерісін жетілдіруге елеулі үлес қосты.

Білікті ұстаз – «Робототехника» және «Пәндік құзыреттерді дамыту» бағдарламаларының авторларының бірі әрі сертификатталған жаттықтырушы. Сонымен қатар педагог бірқатар инновациялық жобаларды әзірлеген, олардың ішінде виртуалды дауыс көмекшісі мен қазақ тілінде компиляцияланатын бағдарламалау тілі бар.

Александр Шерцердің жетекшілігімен 50-ден астам оқушы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-зерттеу байқауларында жүлдегер атанды. Оның шәкірттері қазақ тіліндегі виртуалды көмекші, Qazaq Oriented Language бағдарламалау тілі, сондай-ақ «Ақылды киіз үй» және «Ақылды киім» сияқты экологиялық бағыттағы жобаларды әзірледі. Бұл бастамалар ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған инженерлік шешімдер қатарында.

NIS мұғалімінің еңбегі мемлекет деңгейінде де жоғары бағаланған. Ол – «Шапағат» мемлекеттік медалінің және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, «Қазақстанның мұғалімі» ұлттық сыйлығының топ-10 финалисі, Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының лауреаты.

«Үздік педагог 2025» атағы – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен жаңашылдығының, сондай-ақ Қазақстандағы цифрлық білім беруді дамытуға қосқан зор үлесінің айқын дәлелі.