
Жаңалықтар
Lenovo өкілдері NIS экожүйесімен танысты

14 қазан 2025
Бүгін Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Lenovo өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға Lenovo-ның Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия (CEECA) өңірі бойынша вице-президенті Иван Бозев және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия (EECA) өңірі бойынша бас менеджері Альнур Ермағамбетов қатысты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Lenovo делегациясына NIS экожүйесінің негізгі қызметі, ұйымның стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ NIS-тегі білім беру бағдарламалары, цифрлық экожүйе, оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруі және EdTech шешімдеріне тоқталып, шәкірттер, түлектер мен педагогтердің бұл бағыттағы жетістіктері туралы баяндады.
– Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – заманауи технологияларды оқу процесіне тиімді енгізу арқылы білім сапасын арттыру және оқушылардың зерттеушілік, сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамыту. Бұл бағытта инновациялық шешімдер мен EdTech бастамалары маңызды рөл атқарады. Олар мұғалімдерге жаңа педагогикалық тәсілдерді қолдануға, ал оқушыларға цифрлық сауаттылықты терең меңгеруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі кеңейту, инновациялық жобаларды бірлесе дамыту және жаңа технологиялық шешімдерді оқу процесіне енгізу мәселелерін талқылады.
Еске салсақ, биылғы оқу жылының басында Астанадағы NIS базасында Lenovo-ның қолдауымен EdTech-кабинет ашылды.
Кабинет заманауи ThinkVision P24 мониторларымен, ThinkPad L14 ноутбуктарымен және ThinkCentre M70t жұмыс станцияларымен жабдықталған. Сонымен қатар сыныпта интерактивті панель мен бірлескен жұмысқа арналған бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылды. Бұл мұғалімдерге оқу процесін икемді әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.