banner

Жаңалықтар

Мектеп басшыларының кадрлық резервіне 403 педагог қосылды

news

22 қазан 2025

Бүгін Астанада білім беру саласын жаңғыртуға дайын жаңа буын көшбасшылары бас қосты. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлектеріне кадрлық резервке қабылданғанын растайтын сертификаттар табыс етті.

Биыл мектеп басшыларының кадрлық резерві 403 педагогпен толықты. Енді олар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ мектеп директоры лауазымына тағайындалу құқығына ие.

Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісі бойынша әзірленген жоба білім беру жүйесінде басқарушылық әлеуеті жоғары мамандарды анықтауға және дамытуға бағытталған.

Мектеп басшыларының кадрлық резервін дайындау аясында оқытуды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізеді. Қатысушылар болашақ топ-менеджерлер қатарына ену үшін сатылы іріктеу, үш деңгейлі оқу, үздік мектептердегі тағылымдама, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу кезеңдерінен өтті.

– Жобаның түлектері бұл бастаманың Назарбаев Зияткерлік мектептері командасы тарапынан табысты жүзеге асырылғанын өз тәжірибелерімен айғақтап отыр. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 24 мыңнан астам педагог қызығушылық танытса, бүгінде мыңға жуық көшбасшы мектепті басқаруға дайын. Сондай-ақ NIS-тің мектеп басшыларын даярлауға арналған білім беру бағдарламасы Еуропалық аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты (ACQUIN) тарапынан халықаралық аккредитациядан өтіп, өзінің жоғары сапасы мен халықаралық стандарттарға толық сәйкестігін дәлелдеді, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова.

Сонымен қатар шара барысында пленарлық отырыс пен кейс-сессиялар өтіп, қатысушылар білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен заманауи басқару тәжірибелерін талқылады.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ломоносов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Әйгерім Сейсенәлі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын өзінің кәсіби дамуы мен басқарушылық тәжірибесіндегі жаңа белес ретінде бағалады.

– Бұл бағдарлама көшбасшылықтың шынайы мәнін ұғынуға, яғни өзгерісті ең алдымен өзіңнен бастаудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Курстың барысында мектепті тиімді дамыту нақты талдау мен командалық өзара іс-қимылдан басталатынын түсініп, өзімнің басқарушылық көзқарасымды жаңарттым. Қазір басты мақсатым – қауіпсіз әрі инклюзивті оқу ортасын қалыптастырып, әр баланың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау, – дейді Әйгерім Берікқызы.

Бағдарлама түлектері бүгінде еліміздің әр өңірінде білім сапасын жақсартуға, тиімді басқару мәдениетін орнықтыруға және педагогикалық қауымдастықтың дамуына үлес қосуға дайын.

Еске салсақ, 2023–2024 жылдары жобаның 583 қатысушысы мектеп басшыларының кадрлық резервіне енген. Бүгінде олардың 400-ден астамы конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ басшылық қызметке тағайындалды.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-