
Жаңалықтар
Өскемендегі NIS оқушысы биология пәнінен ашық халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанды

19 мамыр 2025
Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Батыр Ержанұлы Сочиде өткен биология пәні бойынша ашық халықаралық олимпиадада (OIBO) алтын медаль иеленді.
Халықаралық білім додасында 14 елден келген оқушылар бақ сынады. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: теориялық, жеке практикалық және биыл алғаш рет енгізілген топтық жоба туры. Қазақстан құрамасы ұйымдастырушылардың шақыруымен «Сириус» білім беру орталығында он күндік оқу-жаттығу жиындарынан өткен.
Айта кетейік, Батыр 2024 жылы биология пәнінен халықаралық олимпиадада қола, «Авиценна-2024» олимпиадасында күміс медаль жеңіп алып, республикалық пәндік және ғылыми жобалар байқауларында да жүлдегер атанған.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушылардың биология және биотехнология салаларындағы өзекті мәселелерге қызығушылығын арттыру, ғылыми дүниетанымын кеңейту және халықаралық білім беру ынтымақтастығын нығайту.