
Жаңалықтар
NIS түлектері ауылдық және тірек мектеп оқушыларымен тәжірибе бөлісуде

03 маусым 2025
Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің қауымдастығы «Өсиет» бастамасын жалғастыруда. Бұл – еліміздегі тірек мектептер оқушыларын қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобасы.
Жобаның пилоттық кезеңі 2025 жылдың наурыз айында Атырау облысында өтті. NIS түлектері Доссор ауылына арнайы барып, Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектепте 90-нан астам оқушымен кездесті. Бағдарлама кәсіптік бағдар, психологиялық қолдау және ағылшын тілін тәжірибелеу бағыттарын қамтыды. Тренингтер, шеберлік сабақтары және интерактивті сессиялар ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар жеке тәжірибелерімен бөлісіп, командалық ойындар мен жаттығулар ұйымдастырды.
Ал мамыр айында Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS түлектерінен құралған он адамдық команда Арыс қаласына барды. Садықбек Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектептің 5, 7 және 10-сынып оқушыларымен мотивациялық кездесулер өтті. Британдық Колумбия университеті (Канада), Катардағы Карнеги-Меллон университеті, KIMEP, ҚБТУ және Назарбаев Университетінің студенттері оқушылармен мамандық таңдау, IELTS және SAT халықаралық емтихандары, шешендік өнер мен заманауи технологиялар жөнінде білім беру сессияларын өткізді.
NIS түлектері қауымдастығының президенті Омар Бекиннің айтуынша, «Өсиет» жобасының негізгі құндылығы тек мазмұнды кездесулерде ғана емес, түлектер мен оқушылар арасындағы сенімді әрі жылы қарым-қатынаста жатыр:
– «Өсиет» – бұл тек біліммен бөлісу емес. Бұл – шынайы әңгіме, қолдау көрсету және өмірлік маңызды шешімдерді жақында ғана қабылдаған жастардан шабыт алу, – деді Омар Бекин.