
Жаңалықтар
Астанада NIS педагогикалық қайта даярлау курстарының түлектеріне сертификат табысталды

04 маусым 2025
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы педагогикалық қайта даярлау курстарының түлектеріне сертификат табыстау салтанатын өткізді. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Павлодар педагогикалық университетінің басшылығы, мектеп директорлары мен бағдарламаның тәжірибелік бағытына жетекшілік еткен ұстаздар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, педагогикалық қайта даярлау бағыты бойынша 2020 жылдан бері 2500 болашақ мұғалім дайындалды, қазіргі таңда 1600 адам білім алуда. Бұл — оң нәтижені көрсететін жоғары көрсеткіш.
Осы ретте білім беру қызметтері нарығында сұранысқа ие, білім саласында жауапкершілік ала алатын кәсіби педагогтерді даярлаудағы зор үлесі үшін Назарбаев Зияткерлік мектептеріне алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті Жанна Есинбаева.
Оқу бағдарламасын еліміздің 13 қаласынан 33 тыңдаушы сәтті аяқтады. Курстан кейін барлық қатысушыға бір жыл бойы консультациялар, семинарлар мен вебинарлар аясында әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Бұл курстардың артында үлкен еңбек жатыр. Сарапшылар Кембридж университетінің тәжірибесіне негізделген, халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламасын әзірледі. Тыңдаушылар теория мен практиканы меңгеріп, педагог болуға алғашқы сенімді қадамдарын жасады. Бүгін сіздер тек сертификат алып қана қоймай, еліміздің білім беру ісіне үлес қосуға дайын мамандар қатарына қосылдыңыздар, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Курстар 9 ай бойы 3+2 үлгісінде өтті: тыңдаушылар аптасына үш күн сертификатталған тренерлерден теориялық білім алса, ал қалған екі күн мектептерде арнайы тағайындалған ментор-мұғалімдерден тәжірибеден өтті.
Бағдарлама математика, ағылшын тілі, дефектолог-логопед және педагог-ассистент бағыттарын қамтыды. Оқыту Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетімен бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүргізілді.
2024 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 4 мың мұғалім жетіспейді. Осы тапшылықты азайту мақсатында NIS педагогикалық қайта даярлау курстары іске қосылды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап бағдарламалар саны 10 бағытқа дейін артады.