
Жаңалықтар
NIS Білім беру бағдарламалары орталығына жаңа директор тағайындалды

02 маусым 2025
NIS Білім беру бағдарламалары орталығының директоры қызметіне Әсел Бейсембинова тағайындалды. Оқу-ағарту саласындағы 20 жылдан астам педагогикалық және 10 жылдық басқарушылық тәжірибесі бар Әсел Сайдуғалиқызы өзін кәсіби әрі жүйелі басқарушы ретінде таныта білді.
Әсел Бейсембинова С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Аударма ісі (ағылшын және неміс тілдері)» мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ «Педагогика және психология» бағыты бойынша білім беру саласын басқаруға бағытталған магистратураны аяқтаған. 2015 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде білім беру көшбасшылығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алған. Кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын ол Швециядағы мектеп менеджменті курсынан бастап, Кембридждегі action research интеграциясына дейінгі бірқатар халықаралық курстардан өткен. CLIL бойынша сертификатталған тренер, мұғалімдердің кәсіби дамуы бойынша сарапшы және Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) тәуелсіз аккредитациялық сарапшысы болып табылады.
NIS жүйесіндегі еңбек жолын 2011 жылы ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде бастаған. Кейін Өскемен қаласындағы NIS-те сыртқы байланыстар және оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. Оның басшылығымен мектеп сыртқы жиынтық бағалау қорытындылары бойынша жоғары нәтижелер көрсетті. Кейін Әсел Сайдуғалиқызы Ақтау және Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептерді басқарды. Бұл мектептерде ол постпандемиялық жағдайға бейімделу, стартап-бағдарламаларды дамыту, халықаралық ынтымақтастық пен оқу мәдениетін ілгерілету бағытында табысты жобаларды жүзеге асырып, академиялық жетістіктердің тұрақты өсімін қамтамасыз етті. Оның жетекшілігімен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясын қайтадан сәтті өтті, желілік және ұлттық олимпиадаларда жетістіктерін нығайтты.
2025 жылғы ақпан айынан бастап Әсел Бейсембинова NIS Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды. Қысқа мерзім ішінде ол оқу бағдарламаларын қайта қарау, аккредитациялық деректермен жұмыс істеу және баспа оқулықтарын қолдану тәжірибесін халықаралық деңгейде зерделеу арқылы қазіргі жағдайды жүйелі талдауды қолға алды.