
Жаңалықтар
NIS-те Ата-аналар кеңесінің үшінші отырысы өтті

30 сәуір 2025
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының жанындағы Ата-аналар кеңесінің үшінші отырысы онлайн форматта өтті. Жиынға еліміздің барлық өңірлеріндегі Зияткерлік мектептердің ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға оқу жылының қорытындылары таныстырылып, оқушылардың, педагогтердің және жалпы NIS қауымдастығының жетістіктері баяндалды. Сонымен қатар, оқушылардың әл-ауқатын арттыру мен жан-жақты қолдауға бағытталған бағдарламалар, NIS-Programme оқу бағдарламасы және NIS Grade 12 Certificate дипломының отандық мен шетелдік жоғары оқу орындарында мойындалуы туралы ақпарат ұсынылды. Бұдан бөлек, NIS тәжірибесін тарату жобалары және Alumni NIS түлектер қауымдастығының қызметі жөнінде айтылды.
Кездесуде оқу жылының соңына жоспарланған іс-шаралар да талқыланды. Ата-аналарға алдағы мерекелік шаралар, жазғы мектепті ұйымдастыру, әлеуметтік тәжірибелер өткізу және жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімет берілді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуакасов ата-аналармен серіктестіктің маңызын атап өтті:
– Бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде біз мектеп пен отбасы арасындағы сенімді нығайтып, тұрақты ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыра алдық. Бұл – әрбір оқушының дамуына қолайлы орта құру жолындағы маңызды қадам.
Ата-аналар кеңесінің төрағасы Жомарт Омаров Кеңес жұмысының негізгі бағыттарын таныстырып, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен онкүндік, аймақтық ата-аналар спартакиадалары, академиялық адалдық тақырыбындағы ақпараттық сессия, қайырымдылық акциялар мен басқа да маңызды бастамалар туралы баяндады.