banner

Жаңалықтар

NIS оқушылары Мемлекет басшысына инновациялық жобаларын таныстырды

news

21 сәуір 2025

Бүгін Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Арнұр Ильясов «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз жобасын таныстырды. Арнұрдың жұмысы – тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік бастамалар көрмесіне енген жобалардың бірі.
Ескендір Ерікұлы және Мұхамед Асылбекпен бірлесіп жасаған Forest Fire Alarm System жобасы – орман өрттерін ерте анықтауға арналған инновациялық жүйе. Бұл жүйе айналадағы экологиялық өзгерістерді сезетін датчиктер мен интеллектуалды мәліметтер талдауына негізделген. Жоба шұғыл қызметтерге қауіп туралы дереу ақпарат беріп, апаттың алдын алуға бағытталған.
Жоба авторларының айтуынша, жүйе апатты жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартуға, залалды азайтуға және өрттің таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, бұл жоба биыл INFOMATRIX-ASIA халықаралық байқауында Hardware Control номинациясы бойынша үшінші орын иеленген болатын.
Фестиваль аясында тағы бір инновациялық жобаны Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мадияр Хасанов таныстырды. Ол ұсынған дрон – ағаштар мен бал тозаңды өсімдіктерді автоматты түрде отырғызуға арналған құрылғы. Жоба орман алқаптарын қалпына келтіру, жасыл желек көлемін арттыру және адам аяғы жетпейтін аумақтарды көгалдандыру жұмыстарын жылдамдатуға бағытталған.
TQ-Drone жобасын жүзеге асырған команда құрамында – Мадияр Хасанов, Ержан Бейсембай, Асхат Алпысбаев және Алихан Дидаров. Аталған бастама Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың жоғары бағасына ие болып, жобаның Арал теңізі аумағындағы құрғаған жерлерді қалпына келтіру үшін қолдану мүмкіндігі талқыланды.
Айта кетейік, TQ-Drone командасы Халықаралық жасыл технологиялар орталығы атынан ұсынылған стартаптар тізіміне енген.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-