banner

Жаңалықтар

500-ден астам педагог сабақты зерттеудің оқуды қалай өзгертетінін анықтады

news

24 сәуір 2025

Алматыда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ІІ «Кәсіби диалог: Lesson Study оқуды қалай өзгертеді» ұлттық конференциясы аяқталды. 

Білім беру алаңында сабақты зерттеуді жүйелі түрде жүргізіп жүрген 500-ден астам отандық және шетелдік педагог кездесті. Мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетін дамыту және педагог мамандығының трансформациясы мәселелері басты назарда болды.

Конференцияның негізгі спикерлері қатарында Lesson Study жөніндегі Дүниежүзілік қауымдастықтың Таңдаулы президенті Стефан Клива (Швейцария), Кембридж университетіндегі Хьюз-Холл құрметті мүшесі Питер Дадли (Англия), Қазақ ұлттық қыздар Педагогикалық университетінің профессоры Күлзада Құдайбергенева сияқты беделді сарапшылар бар. 

– Жарты жыл бұрын ғана біз Астанада Қазақстанның білім беру кеңістігінде елеулі оқиғаға айналған – Сабақты зерттеу бойынша Дүниежүзілік қауымдастықтың WALS 2024 халықаралық конференциясын абыроймен өткізген едік. Бүгін сол ізгі дәстүрді жалғастыра отырып, оқытуды жетілдіру бойынша ауқымды бағдарлама дайындадық. Lesson Study-ге келген мұғалімдердің арнасы кеңейіп келеді, енді олардың қатарын мектеп мұғалімдері, балабақша мен колледж тәрбиешілері, педагогикалық университеттердің студенттері ғана емес, шетелдік әріптестеріміз де толықтырды, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова.

Мұғалімдер Кембридж университетінің Camtree – «Cambridge Teacher Research Exchange» онлайн платформасы мен оның бірегей цифрлық кітапханасына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Конференция аясында профессор Питер Дадлидің қатысуымен онлайн кітапхананың ресми ашылу рәсімі өтті. 

– Біздің мақсатымыз жоғары сапалы білім беру зерттеулеріне қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар оны бүкіл әлемдегі мұғалімдер үшін қолжетімді және түсінікті ету. Әріптестер идеялардан шабыт алып, өздерінің Lesson Studies бағдарламасын жүзеге асырады және олармен платформада бөліседі деп үміттенеміз, – деді Питер Дадли. 

Сондай-ақ мұғалімдер жапондық мектептегі сабақты зерттеуді онлайн режимде бақылап, өзара талқылады. Айта кету керек, Жапонияда Lesson Study тұтас бір философия ретінде саналады. 

Алматыға Бішкектен зерттеуші-мұғалімдердің үлкен делегациясы келді. Олар Педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен Қырғызстанда енгізіле бастаған Lesson Study тәсілінің ауқымды нәтижелерін ұсынды. 

Конференция бағдарламасы симпозиумдар, секциялық отырыстар, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары, ментор сағаттары және Lesson study бойынша үздік кейстерді көрсететін постерлер көрмесін қамтыды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық шеберлік орталығы сабақты зерттеуді отандық білім беру жүйесіне 2012 жылдан бастап енгізіп келеді.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-