
Жаңалықтар
NIS оқушылары Балқан математика олимпиадасында жүлдегер атанды

30 сәуір 2025
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Босния және Герцеговинаның астанасы Сараевода өткен халықаралық Балқан математика олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық құраманың жүлде қорын толықтырды. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Эльдар Усенов күміс медаль иеленсе, Ақтау қаласындағы NIS оқушысы Дамир Нұрланов қола жүлдені еншіледі.
Балқан олимпиадасына қатысу оқушылар үшін шілдеде Аустралияда өтетін Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) дайындалуға жақсы мүмкіндік болды. Айта кету керек, 2024 жылы Қазақстан құрамасы Балқан олимпиадасында үздік үш елдің қатарына кірген еді.
– Олимпиада тапсырмалары қызықты әрі күрделі болды. Әсіресе функциялық теңдеу бойынша тапсырма ерекше есте қалды. Оны сәтті шешкенім өзіме деген сенімді күшейтті. Маған уақытын аямай, сенім артқан ұйымдастырушылар мен тәлімгерлерге алғысым шексіз. Қазір бұрынғыдан да жігерленіп отырмын: алдағы емтихандарды жақсы тапсырып, өз мектебім мен елімді халықаралық жарыстарда танытуды жалғастырғым келеді, – деді Эльдар Усенов.