
Жаңалықтар
NIS IB командасы жасыл технологияларымен әлемдік байқау финалында

25 сәуір 2025
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «OSIRIS» командасы Түркияда өткен Fibonacci Eurasia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасында Green Entrepreneurship Challenges санатында екінші орын алды. Енді команда әлемдік финалға қатысу үшін Римге аттанады.
Алишер Орынбай мен Нұразхан Нығмет өзінің ауыл шаруашылығындағы проблемаларды шешуге арналған автономды роботтарын, OSIRIS-ті жасап шығарды. Бұл робот өсімдіктердің ауруларын, арамшөптердің өсуін анықтап, пестицидтерді қолдануды азайтуға бағытталған.
Оқушылар жаңашыл жобаларының ерекшелігін былайша айтып өтті:
– OSIRIS – бұл біздің инновациялық роботымыз, біз оған электроника, механика және жасанды интеллект саласындағы заманауи технологияларды біріктірдік. Ол YOLO архитектурасына негізделген нейрожеліні қолдана отырып, өсімдіктердегі ауру мен арамшөптерді нақты уақытта таниды. Бұл пестицидтердің қолданылуын азайтуға және ауыл шаруашылығын тұрақты етуге пайдасы бар.
Айта кетейік, байқауға 13 елден 500-ден астам мықты командалар қатысты.