
Жаңалықтар
Сыңғырла, соңғы қоңырау!

30 мамыр 2025
Бүгін Зияткерлік мектептері жүйесіне кіретін білім ордаларында соңғы қоңырау соғылды.
2024–2025 оқу жылында еліміздегі 21 Зияткерлік мектеп пен Астана қаласындағы Халықаралық мектепті 2 849 түлек аяқтады. Олардың ішінде 59 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер.
Дәстүр бойынша, биыл да NIS түлектерінің шамамен 80%-ы білімін отандық жоғары оқу орындарында жалғастыруды көздеп отыр. Ал 239 зияткер әлемнің жетекші университеттерінің білім гранттарын иеленді. Олардың қатарында бір оқушы Массачусетс технологиялық институтынан (MIT) шақыру алса, тағы 8 түлек Ivy League университеттерінен, 77 түлек QS рейтингісіндегі ТОП-100 университеттерден қабылдау ұсыныстарын алған.
Биылғы оқу жылында халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 300-ден астам оқушы жеңіс тұғырынан көрінді.
Оқушылармен қатар NIS мұғалімдері де өздерінің кәсіби біліктілігін республикалық және халықаралық деңгейде дәлелдеп отыр. Биыл 50-ге жуық педагог түрлі кәсіби байқаулар мен ғылыми-практикалық шараларға қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Олардың қатарында 3 ұстаз «Қазақстан мұғалімі – 2024» ұлттық сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ 150 педагог Еуропалық білім беру зерттеушілері қауымдастығы ұйымдастыратын ECER 2025 халықаралық конференциясына қатысуға мүмкіндік алды.
Бұдан бөлек, NIS-тің білім беру сапасы мен оқыту үдерістерінің тиімділігі халықаралық деңгейде мойындалуда. 5 мектеп Council of International Schools (CIS) ұйымының реаккредитациясынан сәтті өтсе, Астанадағы Халықаралық мектеп IB World School мәртебесін қайта растады.
Айта кетейік, бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «NIS-Programme» білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 сертификатын Қазақстанның 24 және шетелдің 70 жоғары оқу орны ресми түрде мойындап отыр.