banner

Жаңалықтар

Ақтөбелік зияткерлер баскетболдан республикалық турнирде қола жүлдегері атанды

news

14 сәуір 2025

Назарбаев Зияткерлік мектептері тарихында тұңғыш рет Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде Ақтөбенің NIS командасы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Талдықорған төрінде өткен спорттық сайыста ақтөбелік спортшылар үшінші орынды иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты.

Ұлттық мектеп баскетбол лигасына еліміздің түкпір-түкпірінен 5–6 сыныптан бастап 9–11 сынып оқушыларын біріктірді. Міндетті шарттардың бірі – тек бір мектептің оқушыларынан команда құру. Турнир төрт кезеңдік жүйе бойынша, яғни мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өткізілді.

Ақтөбелік құрама облыстық кезеңнен бастап финалға дейін тынымсыз еңбек еткендерінің арқасында табысқа жеткендерін айтады:

– Бұл жолда ұзақ уақыт жаттықтық. Оқу мен спортты қатар алып жүрдік. Күнделікті таңертең жүгіруді дағдыға айналдырып, аптасына 2-3 рет доппен шұғылдандық. Бұл біздің команданың әрбір мүшесі үшін баға жетпес тәжірибе болды. Әр өңірден келген мықты командалармен өткен кездесулерде біз лайықты ойын көрсете білдік, – деп өз әсерімен бөлісті команда капитаны Шерхан Жақсыбаев.

Ұлттық мектеп лигасы 2015 жылы бастау алды және жыл сайын оның ауқымы кеңеюде. Бастапқыда спорттың үш түрі бойынша жарыстар өткізілсе, бүгінде баскетбол, футзал, асық ату, бес асық, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол добы және кросс бойынша үздіктер анықталуда.

Айта кету керек, жарысты Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК ұйымдастырды.

Фотогалерея

image-
image-