
Жаңалықтар
NIS оқушылары «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық байқауында топ жарды

11 сәуір 2025
Елордада Ғарышкерлер күніне орай өткізілген «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық байқауда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бірінші және екінші орындарды иеленді.
Жоғары сынып оқушылары арасында өткен байқаудың басты мақсаты – жастардың ғарыштық ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыру және зерттеу дағдыларын дамыту.
Байқау «Ғарыштық техника және инфрақұрылым», «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Күн жүйесі және ғарыш физикасы» және «Биология және космостық медицина» секциялары бойынша ұйымдастырылды.
Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары Назар Бисақал мен Ырысбек Улугбеков «Күн жүйесі және ғарыш физикасы» секциясында бірінші орынға ие болса, Қызылорда қаласындағы NIS оқушылары Сұлтанғазы Байбарыс пен Темірлан Батыров «Биология және космостық медицина» бағыты бойынша жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Өмірбек Рахат «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу» секциясында екінші орынға ие болды.
Айта кетейік, ғылыми байқау 9-11 сәуір аралығында «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті.