banner

Жаңалықтар

Зияткерлік мектеп түлектері ауыл балаларына NIS-те оқуға жол ашуда

news

18 шілде 2025

Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері бас қосқан «Fundraising Ball: NIS GALA 2025» қайырымдылық балы өтті.

Шараны Alumni NIS қауымдастығы Назарбаев қорының қолдауымен ұйымдастырды. Жыл сайынғы дәстүрге айналған кешке 150-ден астам NIS түлегі мен қауымдастықтың қолдаушылары жиналды.

Биылғы балдың басты мақсаты – 2023 және 2024 жылдары түлектердің қолдауымен NIS-ке қабылданған екі оқушының алдағы оқу жылдарында білімін жалғастыруына қажетті қаражатты жинау.

Еске салсақ, бұл бастама алғаш рет 2023 жылы жүзеге асып, NIS-ке түсу үшін резервтік тізімде тұрған, көпбалалы отбасынан шыққан Шәуілдір ауылының бір оқушысына түлектер «Өркен» грантын тағайындады. 2024 жылы эстафета жалғасып, Райымбек ауылынан келген тағы бір оқушы да түлектердің қолдауымен мектепке қабылданды. Қазіргі таңда қос шәкірт те Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алып, үздік үлгерімімен және белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленіп жүр.

– Бұл бал тек түлектердің бас қосуы ғана емес, бұл – біздің қауымдастықтың өміршеңдігін, жас ұрпақтың болашағына деген жауапкершілікті терең сезінетініміздің дәлелі. Әрбір жиналған теңге – бір баланың тағдырына жол ашатын мүмкіндік, – деді Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектептің түлегі, Alumni NIS қауымдастығының президенті Омар Бекин.

Кеш қонақтарының қатарында отандық жетекші университеттердің, Ivy League, Оксфорд, Стэнфорд және QS рейтингіндегі өзге де беделді жоғары оқу орындарының студенттері болды. Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты, Ұлттық банк, Air Astana, Қазпошта, АХҚО сияқты ұйымдарда және білім беру мекемелерінде қызмет атқаратын түлектер де кешке қатысты.

Айта кетейік, Alumni NIS қауымдастығы – 2010 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерін тәмамдаған түлектерді біріктіретін желі. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – түлектер арасындағы байланысты күшейту, олардың қоғамдық және кәсіби бастамаларын қолдау, сондай-ақ білім беру саласында меценаттық және әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.   Бүгінде Alumni NIS қауымдастығының құрамында 23 000-ға жуық түлек бар.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-