
Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары Дубайда өткен IChO-дан ел қоржынына екі алтын мен бір күміс медаль әкелді

14 шілде 2025
Қазақстан құрамасы Дубайда өткен 57-ші Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) жоғары нәтиже көрсетіп, екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Ел қоржынына түскен медальдардың негізгі бөлігін NIS оқушылары еншіледі.
Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Кирилл Ким мен Абылай Қабдулхадыр алтын медаль иегері атанды. Айта кетерлігі, Кирилл IChO-да осымен екінші рет алтын медаль жеңіп отыр, ал Абылай өткен жылы осы халықаралық додада күміс медаль иеленсе, биыл нәтижесін жақсартып, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Күміс медальді Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS оқушысы Еңлік Бақытбекова иеленді. Еңлік те бұған дейін бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған еді.
Айта кетейік, биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 360-тан аса үздік жас химик жиналды. Қатысушылар бірнеше күн бойы органикалық, аналитикалық және физикалық химия бойынша білімдерін теориялық және практикалық турларда сынады.