
Жаңалықтар
Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл

07 желтоқсан 2024
Биыл Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде оқу орны өңірдегі орта білім беру ұйымдарының көшбасшысына айналып, озық тәжірибелерді тарату орталығы ретінде танылды.
\nМектепте мерейтой аясында оқушылардың шығармашылық жұмыстары, ғылыми және IT-жобалар көрмесі ұйымдастырылып, мерекелік кеш өтті.
\nБүгінгі таңда Қостанайдағы NIS-те 702 оқушы білім алуда, ал 10 жыл ішінде мектепті 701 түлек тәмамдады.
\nШәкірттер жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадаларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанып келеді. Олардың қатарында Республикалық ғылыми жобалар конкурсы, Infomatrix Asia, S.T.A.P., Балтық инженерлік конкурсы, «Ғылым әлемін ашамыз», сондай-ақ Roboland сияқты жарыстар бар.
\nҚостанайдағы NIS оқушылары Әмина Ысқақова мен София Синицина қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды дауыс көмекшісін жасақтады. EWA деп аталатын бұл жоба өзінің ерекше функционалдығымен және қазақ тілін қолдауымен көпшіліктің назарын аударды. Күткеннен асып түскен бұл инновациялық шешім күрделі тапсырмаларды орындау және екі тілде еркін жұмыс істеу қабілеті арқылы жоғары бағаланды.
\nМектеп тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2015 жылы пилоттық мектептер туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл құжат өңірдегі білім беру ұйымдарымен жүйелі ынтымақтастықтың бастау алғанын көрсетті. Соңғы 10 жыл ішінде Қостанайдағы NIS 12 тірек мектепке әдістемелік қолдау көрсетіп, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді.
\n2018 жылы мектепте «Зерттеудегі бір қадам – дамудағы жүз қадам» атты алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара мектепте ғана емес, өңірде де ғылыми ортаны қалыптастыру бағытындағы маңызды кезең болды.
\n2019 жылы Қостанайдағы Зияткерлік мектеп Council of International Schools (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, білім беру сапасының халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдеді. Биыл мектеп бұл талаптарға сәйкестігін тағы да растап, өз беделін одан әрі нығайтты.
\n2020 жылы мектеп ЮНЕСКО клубтарының қатарына қосылып, халықаралық мойындауға тағы бір қадам жасады. Бұл маңызды оқиға Қостанайдағы NIS оқушыларының жан-жақты дамуына және мәдени, ғылыми, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға деген ұмтылысын көрсетті.
\n2022 жылы мектепте NIS Engineering бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама оқушыларға 3D басып шығару, лазерлік кесу және ағаш өңдеу сияқты заманауи технологияларды инновациялық жабдықтар арқылы меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында оқушылар өздерінің шығармашылық және техникалық қабілеттерін көрсете отырып, инженерия саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
\n2023 жыл мектеп тарихындағы тағы бір жарқын кезең болды. Мұғалім-зерттеуші, Яндекс Академиясы мен CISCO жаттықтырушысы, оқу құралдарының авторы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Борис Зеленовқа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жылдың үздік мұғалімі» атағын табыстады. Сондай-ақ биыл информатика пәнінің мұғалім-сарапшысы Александр Шерцер «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисті атанып, алдағы жылы Қазақстанның атынан Global Teacher Prize халықаралық байқауында ел намысын қорғайды.