
Жаңалықтар
NIS оқушылары халықаралық Менделеев олимпиадасының жүлдегерлері атанды

13 мамыр 2025
Бразилияның Белу-Оризонти қаласында химия пәні бойынша Халықаралық Менделеев олимпиадасы (IMChO) өтті. Білім сайысына әлемнің 40 елінен 200-ге жуық үздік жас химик қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Жүлдегерлер қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары да бар.
Күміс жүлдені Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Әбілмансұр Қали еншілесе, Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айзере Жеңісханова қола медаль иеленді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Айзере Румынияда өткен XXI халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадада (IJSO) күміс медаль иеленген болатын.
Ал Әбілмансұр 2025 жылғы республикалық химия олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды, сондай-ақ олимпиадалардың да жүлдегері атанды.
Халықаралық Менделеев олимпиадасы – жоғары сынып оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді химия сайыстарының бірі. Олимпиада жеті күнге созылады және үш кезеңнен тұрады: екі теориялық турда қатысушылар күрделі химиялық есептерді шешеді, ал практикалық турда зертханалық жұмыстар орындайды.