
Жаңалықтар
Астана Халықаралық мектебі IB World School мәртебесін растады

14 мамыр 2025
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесіне кіретін Астана Халықаралық мектебі (ISA) International Baccalaureate ұйымының бағалауынан сәтті өтіп, Primary Years Programme (PYP), Middle Years Programme (MYP) және Diploma Programme (DP) бағдарламалары бойынша аккредитациясын растады.
Халықаралық сарапшылар тобы мектептің оқу бағдарламасын, оқыту әдістемесін, бағалау жүйесін, оқушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жұмысын және мектеп қауымдастығы ішіндегі өзара әрекеттестікті жоғары бағалады. Сондай-ақ мамандар мектептің миссиясы мен құндылықтары IB қағидаттарымен толық сәйкес келетінін, оқушылардың күнделікті оқу үдерісінде зерттеушілік дағдылары мен жаһандық ойлауының дамуы айқын байқалатынын атап өтті.
– Бұл – біз үшін жай ғана мойындау емес, үлкен жауапкершілік. Халықаралық мектеп ретінде біз оқушыларымызды XXI ғасырға қажетті дағдыларды үйретуді және оларға әлемдік деңгейде сапалы білім беруді жалғастырамыз, – дейді ISA директоры Айдар Булатов.
Астана Халықаралық мектебі – Қазақстандағы үш IB бағдарламасын толық көлемде жүзеге асыратын санаулы білім беру ордаларының бірі. Мектеп 2017 жылы PYP, 2018 жылы MYP, ал 2019 жылы DP бағдарламалары бойынша авторизация алған. Содан бері мектеп өз мәртебесін тұрақты түрде растап, халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестігін, сондай-ақ оқушыларда жаһандық азаматтықты, академиялық жетістікті және жеке тұлғалық дамуды қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсетіп келеді.