
Жаңалықтар
NIS оқушылары дауысты қайтаратын құрылғы ойлап тапты

18 қыркүйек 2025
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары дауысынан айырылған адамдарға қайтадан табиғи сөйлей алу мүмкіндігін беретін бірегей VoiceX құрылғысын ойлап тапты.
Қазіргі қолданылып жүрген технологиялар көбіне механикалық дыбыспен шектелсе, VoiceX көмейдегі микродірілдерді анықтап, оларды адамның өзіне тән тірі дауысқа айналдырады. Нәтижесінде адамның тембрі, интонациясы мен эмоциялық бояуы сақталып, сөйлеу шынайы әрі табиғи естіледі.
Жоба қарапайым көрінгенімен, құрылғының артында күрделі инновациялық жүйе бар. Арнайы сенсорлар адамның сөйлеуге талпынысы кезінде көмейде пайда болатын микродіріл мен шуды тіркейді. Ал ESP-32 контроллеріне негізделген интеллектуалды жүйе сигналды өңдеп, дауысты қалыптастырады. Күшейтілген сигнал мойынға бекітілген шағын вибромоторларға беріледі. Соның арқасында айналадағы адамдар динамиксіз-ақ таныс әрі эмоцияға толы дауысты ести алады.
Жобаның идеясы дауысынан айырылған жандарға көмектесу ниетінен туындаған.
– Дауыс – адам болмысының бір бөлігі. Одан айырылу тек медициналық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да ауыр соққы. Біздің жобамыз – адамдарға қайтадан сөйлесу қуанышын сыйлайтын мүмкіндік, – дейді жобаның бастамашысы Айзере.
Жобаның авторлары – 10-сынып оқушылары Бекжан Бақыт, Ажар Мырзабек, Жания Серік және Айзере Сәрсенбек. Олар қазірдің өзінде үлкен жетістікке жетті: VoiceX Астана медицина университетінде сынақтан өтті, команда халықаралық Solve For Tomorrow 2025 (Samsung) және Diamond Challenge 2025 (Startups) байқауларының жартылай финалына шықты. Сондай-ақ жобаға Стэнфорд пен Оңтүстік Калифорния университеттерінің профессорлары оң бағасын беріп, оның зор әлеуетін растады.
VoiceX – жастардың әлеуметтік инновациялар жасай алатынын айқын көрсеткен жоба. Бүгінде әлем халқының 20%-дан астамы дауыс бұзылыстарына тап болып отыр. Осындай құрылғылар олардың өмірін түбегейлі өзгертіп, депрессия мен оқшауланудан құтқаруға сеп болмақ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мектеп жобасы оқу тапсырмасынан асып, мыңдаған адамның өмірін жақсартатын технологияға айнала алатынын дәлелдеді.
Бұл – VoiceX тарихының бастауы ғана. Қазіргі таңда команда құрылғыны жетілдіріп, мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жаңа серіктестер іздеуде. Алайда олардың жобасы қазірдің өзінде үміттің символына айналып, білім, батылдық пен жақсылыққа ұмтылыстың әлемдік деңгейдегі инновацияға жол аша алатынын көрсетіп отыр.