banner

Жаңалықтар

NIS мұғалімдері «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының жүлдегерлері атанды

news

14 қаңтар 2025

Алматыда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жыл сайынғы «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауы өтті. Біліктілік сайысы педагогтердің шығармашылық тұрғыдан дамуы мен кәсіби өсуін ынталандыру, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі инновациялық тәжірибелерді зерттеу мен  таратуға бағытталған. Конкурста Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді.

Өскемен қаласындағы NIS биология пәні мұғалімі Ақмарал Токтарбекова биологиялық процестерді талдауда Project-Based Learning моделінде BarCamp әдісін қолдануға арналған жобасын ұсынды. TEDx форматында өткен жоба презентациясы үздік ұстазға оқу-ағарту процесіне инновациялық тәсілдерді енгізудің маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді. Жоба ІІ орынға лайық деп танылды.

Ал ІІІ орынды Қызылорда қаласындағы NIS-тің география пәні мұғалімі Арай Нұрбаева иеленді. Оның жобасы Minecraft танымал платформасын пайдалану арқылы географияны қызықты әрі интерактивті әдістермен тиімді оқыту жолдарын көрсетеді. GeoFuture-Minecraft әдістемесінде оқушылар географиялық объектілер мен процестерді моделдеп, орнықты даму мақсаттарын, экологиялық тұрғыдан тұрақты қалалар құру, жаңартылатын энергия көздерін зерттейді. Сонымен бірге климаттың өзгеруі мәселелерін талдайды.

ІІІ орынға ие болған тағы бір жүлдегер – Қостанай қаласындағы NIS директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Амир Ажмұхаметов. «Шанырақ рейтинг жүйесі» жобасы – тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық платформа. Бұл жүйе оқушылардың жетістіктерін бағалауда ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етіп, оларды мектеп өміріне белсене қатысуға ынталандырады. Мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін де азайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы NIS физика пәні мұғалімі Сергей Кошкин «Физика сабақтарында жобалық-зерттеу дағдыларын дамытуда дизайн ойлау әдісі» жобасын ұсынып, грамотамен марапатталды.

Фотогалерея

image-
image-