
Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

02 қыркүйек 2025
Бүгін барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. Мыңдаған оқушы мен олардың отбасылары үшін бұл – жаңа білімге, жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды сәт.
Жаңа оқу жылында NIS құрамына 2 814 оқушы қабылданды. Олардың ішінде ауылдық жерлерден келген балалардың үлесі – 9%. Бұл көрсеткіш білім беру желісі үшін әрі қуаныш, әрі үлкен жауапкершілік. Өйткені әрбір оқушының жетістігі – барлық мектеп қауымдастығының еңбегінің нәтижесі.
Өткен оқу жылы NIS қабырғасынан 2 849 түлек қанат қақты. Олардың 80 пайызы Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырса, 20 пайызы шетелдік университеттерге қабылданды. 89,5% түлек білім грантына ие болып, басым бөлігі – техникалық, медициналық, педагогикалық және аграрлық мамандықтарды таңдады. Бұл нәтижелер Зияткерлік мектептердің тек сапалы білім беріп қана қоймай, елдің болашағы үшін қажетті мамандар даярлауға да зор үлес қосып отырғанын айқын дәлелдейді.
Айтулы оқиғалардың бірі – Алматыдағы жаңа International Steppe School of Almaty мектебінің ашылуы болды. Мұнда оқу үдерісі NIS-Programme бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама Қазақстанның 25 жоғары оқу орнында, шетелдің 70 университетінде және 10 халықаралық ұйым деңгейінде ресми түрде мойындалған.
Жаңа оқу жылында NIS даму стратегиясын жүзеге асыруды жалғастырады. Атап айтқанда, білім беруде құндылыққа негізделген тәсілді енгізу, зерттеу тәжірибелерін кеңейту, педагогтердің көшбасшылық әлеуетін дамыту және балалардың әл-ауқатын нығайту көзделген. Сонымен қатар жаңа тамақтану тұжырымдамасы іске асырылып, Инновациялық орталықтар құрылуда және фин мамандары әзірлеген халықаралық буллингке қарсы KiVa бағдарламасын енгізу жалғасуда.
Ауыл мектептерін қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. «Қазақстан халқына» қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлескен жоба биыл тағы 52 мектепті қамтып, жалпы қатысушы саны 193-ке жетті.
Жаңа оқу жылы тың бастамалар мен жаңа білімге жол ашатын маңызды белеске айналсын. Барлық оқушыға оқуда табыс пен жарқын жетістіктер тілейміз!