
Жаңалықтар
Lenovo мен NIS Қазақстандағы алғашқы флагмандық EdTech-сыныбын ашты

05 қыркүйек 2025
Бүгін Астанадағы NIS Халықаралық бакалавриат мектебінде жаһандық технологиялық көшбасшы Lenovo компаниясымен әріптестікте құрылған Қазақстандағы алғашқы флагмандық EdTech-кабинеттің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру процесіне жедел енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Кабинет заманауи ThinkVision P24 мониторларымен, ThinkPad L14 ноутбуктарымен және ThinkCentre M70t жұмыс станцияларымен жабдықталған. Сондай-ақ сыныпта интерактивті панель мен бірлескен жұмысқа арналған бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылды. Бұл мұғалімдерге оқу процесін икемді әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл жаңа оқу кеңістігі технологиялық хабқа айналып, мұнда оқушылар мен мұғалімдер жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер ғылымы (Data Science), Big Data, мобильді қосымшалар әзірлеу, виртуалды және толықтырылған шындық сияқты негізгі ІТ-бағыттарды меңгеретін болады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин бұл бастаманың маңыздылығын оқушылардың жетістіктері дәлелдейтінін атап өтті:
– Биылдың өзінде біздің оқушылар Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада екі алтын мен бір қола медаль жеңіп алды, Боливиядағы информатика олимпиадасында күміс иеленді және осы бағыттар бойынша республикалық олимпиадаларда он алты жүлделі орынға қол жеткізді, – деді ол.
Lenovo өкілдерінің айтуынша, NIS-пен әріптестік – компанияның білім беру жүйесіне заманауи ІТ-шешімдерді енгізуге бағытталған жаһандық стратегиясының бір бөлігі.
– Lenovo компаниясы цифрлық трансформация аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің серіктесі болғанына зор мақтанышпен қарайды. Білім беру үдерісіне заманауи ІТ-шешімдерді енгізу сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтіп, оқушылардың академиялық және тәжірибелік дағдыларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз осындай маңызды миссияны жүзеге асырудағы сенімге жоғары баға береміз және білім беру саласында инновацияларды қолдауды жалғастырамыз, – деді Lenovo компаниясының Қазақстан, Грузия, Армения және Молдова елдеріндегі корпоративтік сату директоры Газиз Абдрасилов.
Жаңа EdTech-кабинет Lenovo компаниясының қаржысы есебінен толық жабдықталды. Бұл бизнес тарапынан білім беруді дамытуға қосылған үлесті айқын көрсетеді.