banner

Жаңалықтар

International Steppe School of Almaty by NIS – Алматыдағы жаңа білім кеңістігі

news

02 қыркүйек 2025

Бүгін Алматы қаласында International Steppe School of Almaty (ISSA) өз есігін айқара ашты.

Жаңа оқу орны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жүйесіне еніп, бастауыш және негізгі мектеп деңгейіндегі білім беруді дамытудағы маңызды қадамға айналды. Ашылу рәсімінде NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйлеп, Steppe School жобасы Зияткерлік мектептер жүйесінің дамуындағы маңызды белес екенін атап өтті.

– Біз балаларды алғашқы күннен бастап құндылықтарға негізделген, ашықтық пен мәдени дәстүрлерге құрмет рухында тәрбиелейтін заманауи білім беру ортасын құрып жатырмыз. Steppe School – ұлттық мұра мен әлемдік озық тәжірибелерді үйлестіріп, болашақтың сын-қатерлеріне дайын ұрпақты қалыптастыратын үлгілі мектепке айналады, – деді Әнуар Жанғозин.

Оқу үдерісі NIS-Programme негізінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаны Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Білім беру бағдарламалары орталығы Кембридж университетінің Халықаралық білім беру мәселелері жөніндегі бағалау кеңесімен бірлесіп әзірледі.

Мектепте құндылықтарды дамытуға, цифрлық сауаттылық пен сыни ойлауды қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінеді. Оқу үдерісіне заманауи әдістемелер енгізілген. Соның ішінде Эстонияның табысты тәжірибесіне негізделген қазақ тілін тереңдетіп оқыту, яғни «тілге бойлау» тәсілі қарастырылған. Сонымен бірге оқу орнында фин ғалымдары әзірлеген буллингтің алдын алу және оның салдарын еңсеруге бағытталған халықаралық KiVa бағдарламасы жүзеге асырылады.

Жаңа мектептің педагогикалық құрамына халықаралық тәжірибесі бар мұғалімдер, NIS ұстаздары мен оқулық авторлары кірді. Олар 360 оқушыға сапалы әрі заманауи білім беруді қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, мұндай жоба алғаш рет 2013 жылы елордада іске қосылған болатын. Бүгінде табысты жұмыс істеп келе жатқан International Steppe School of Astana – осы бағыттағы үздік тәжірибенің айқын үлгісі.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-