banner

Жаңалықтар

XIV NIS Conference 2025 болашақ білімінің бағытын белгіледі

news

31 қазан 2025

Болашақ білімінің бағытын айқындаған NIS халықаралық конференцияcы өз мәресіне жетті

Астанада білім саласындағы ең ауқымды әрі мазмұнды халықаралық алаңдардың бірі XIV NIS Conference 2025 өз мәресіне жетті. Биылғы конференция мектеп білімін цифрлық трансформация жағдайында дамытуға арналды. Екі күн бойы қатысушылар инновациялық идеяларды бөлісіп, зерттеу нәтижелерін ұсынды және заманауи білім берудің жаңа бағыты мен болашағын талқылады.

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азияда білім мен ғылымға тұрақты инвестиция салып, олардың дамуын мемлекеттің стратегиялық өркендеуімен байланыстырып отырған елдердің бірі екенін атап өтті.

– Біздің міндетіміз – балаларды тек пәнге оқыту емес. Гарвард университетінің зерттеулері көрсеткендей, ең маңыздысы – олардың креативті және сыни ойлау қабілеттерін, коммуникациялық және цифрлық дағдыларын дамыту. Технология дәуірінде жастарды осы құндылықтар төңірегінде біріктіре отырып, біз жаңа заманның адами капиталын қалыптастырамыз, – деді министр.

Қорытынды сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин конференцияға белсенді қатысқан педагогтер мен сарапшыларға ризашылығын білдіріп, білім беру саласындағы ашық пікір алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Екі күн бойы біз жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың оқу үдерісін қалай өзгертетінін талқыладық. Негізгі назар – жылдам өзгеріп жатқан әлемге бейімделе алатын тұлғаларды қалыптастыру мен жаңа технологияларды енгізу арқылы мұғалімнің рөлін қайта қарауға бағытталды. Педагогтер, зерттеушілер және сарапшылардың бірлескен еңбегі болашақтың білім беру жүйесін дамыту үшін берік іргетас боларына сенімдімін, – деді Әнуар Жанғозин.

Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин мектептің әлеуметтік миссиясына тоқталды:

– Мектеп – тек білім ордасы емес, адамдарды түсіністік пен ынтымаққа біріктіретін кеңістік.

Сондай-ақ конференция аясында өткен «Педагогикалық практика: бірге зерттейміз» атты постерлік зерттеу байқауының қорытындысы бойынша 10 үздік жоба анықталды.

XIV NIS конференциясы білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, цифрлық дәуірдегі педагогикалық көшбасшылық пен жаңа көзқарастарды қалыптастыруға серпін берді.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-