
Жаңалықтар
«Nauanix» қоржыны халықаралық жүлдемен толықты

13 тамыз 2025
Қызылорда қаласындағы NIS оқушылары Түркияда өткен «EmpowerMe: Жастар кәсіпкерлігі» халықаралық бағдарламасында қола жүлдегер атанды.
«Nauanix» командасы атынан Гүлім Болатқызы, Дара Сақтапберген, Надира Атымтай және Аяжан Төребек әлемдік деңгейде жобаларын таныстырып, үлкен жетістікке жетті. Олар ұсынған ақылды ауа тазартқыш құрылғысы 120 жобаның ішінен үздік таңдалып, 2500 доллар көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
«EmpowerMe: Жастар кәсіпкерлігі» бағдарламасы Habitat Association, Starbucks Foundation және Alshaya Group компанияларының қолдауымен жүзеге асты. Әзірбайжан, Түркия және Қазақстаннан 500-ге жуық жас қатысушы бизнес-идеяларды құру, зияткерлік меншік алу, инвесторлармен байланыс орнату және жобаларын стратегиялық дамыту дағдыларын меңгеріп, стартаптарын іске асыру бойынша кәсіби көмек алды.
Халықаралық кезеңде тек 4 үздік жоба іріктеліп, гранттық қолдау тапты. Ыстамбұлда сырбойылық арулардың ауадағы зиянды бөлшектерді анықтайтын және тазартатын құрылғысы өзектілігін дәлелдеп, әлемдік деңгейде жоғары бағаланды.