«Өркен» акционерлiк коғамын құру және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен қаражат бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 13 мамырдағы N 452 Қаулысы

Орта бiлiм беру жүйесiн жетiлдiру және оқушылардың зияткерлiк қабiлетiн дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Өркен" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - қоғам) құрылсын.

2. Қоғам қызметiнiң негiзгi бағыттары: «20 Тұңғыш Президенттiң зияткерлiк мектебi» жобасы шеңберiнде жалпы бiлiм беретiн мектептердiң желiсiн құру және қызметiн қамтамасыз ету; жалпы бiлiм беру саласына инновациялық технологияларды енгiзу болып белгiленсiн. ---- 

3. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне 2008 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шұғыл шығындарға көзделген резервiнен қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру үшiн 1 323 435 000 (бiр миллиард үш жүз жиырма үш миллион төрт жүз отыс бес мың) теңге сомасында қаражат бөлiнсiн.

4.Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрлесiп, заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) осы қаулының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiнен бөлiнетiн қаражат есебiнен қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды;

2) қоғамның жарғысын бекiтудi және оның Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн;

3) қоғам акцияларының мемлекеттiк пакетiн иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне берудi;

4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсiн.

5. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн толықтырулар бекiтiлсiн.

6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi бөлiнетiн қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырсын.

7. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

 

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                                    К.Мәсiмов

 

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2008 жылғы 13 мамырдағы
N 452 қаулысымен
бекiтiлген

 

             Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн толықтырулар

 

1. «Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне мемлекеттiк меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 сәуiрдегi N 405  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат): көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылған акционерлiк қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тiзбесiнде: «Астана қаласы» деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 21 - 101 - жолмен толықтырылсын: «21-101», «Өркен АҚ».

2. «Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерiне иелiк ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659  қаулысында: көрсетiлген қаулыға қосымшада: «Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi» деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 222-33-3-жолмен толықтырылсын: «222-33-3. «Өркен» АҚ».

3. «Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 40, 522-құжат): көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қарауындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
«3. Акционерлiк қоғамдар» деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 6-жолмен толықтырылсын: «6 «Өркен».

4. «Республикалық мемлекеттiк меншiктiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 11 маусымдағы N 483  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 19, 214-құжат): көрсетiлген қаулымен бекiтiлген бағдарламалық құжаттарда көзделген мiндеттердi орындау үшiн құрылған мемлекет қатысатын акционерлiк қоғамдардың тiзбесiнде: «Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi» деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 19-1-жолмен толықтырылсын: «19-1. «Өркен» акционерлiк қоғамы 100 %».

Постановление Правительства Республики Казахстан от 13 мая 2008 года N 452