Ақтау қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Ақтаудағы химия–биология бағытында тереңдете білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебі Назарбаев Зияткерлік мектептері қатарына 2015 жылдың 27 тамызында іске қосылды. 2019 жылы мектеп CIS халықаралық акредиттелуінен сәтті өтті. 720 балаға арналған зияткерлік мектеп Ақтау қаласының 33-шағын ауданында орналасқан.

Зияткерлік мектеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жылдам әрі ұшқыр ойлауына, көп тілді меңгеріп, ел болашағына өз үлесін қосатын зияткер, жоғары білімді, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туғызып, жағдай жасайды.

Маңғыстау облысындағы инновациялық білім ордасында 136-дан аса мұғалім жұмыс істейді. Олар білім беру жүйесінің талабына байланысты қатаң іріктеу байқауынан өтіп білім беру процесіне кіріседі. Сонымен қатар мектепте Оңтүстік Африка Республикасы, Ұлыбритания, АҚШ және Филипин елдерінен келген 7 шетелдік мұғалім өз тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.

Қазіргі таңда аталған мектепте 7, 8, 9, 11 және 12 сыныптарда оқитын 709 оқушы Қазақстан Республикасының Президентінің «Өркен» білім грантының иегері атанды. Конкурстық іріктеу кезде мектептегі бір оқу орны үшін орта есеппен 9-10 талапкер таласады.

Ғимаратта жаңа оқу құралдарымен жабдықталған 54 оқу кабинеті, 24 лаборатория орналасқан. Мектепте PHYWE және PASCO жабдықтарымен жабдықталған химия-биология, физика оқыту кабинеттері және нано-биотехнология зертханалары жұмыс істейді. Білім ордасы химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытумен қатар, физика, математика және қоғамдық пәндерді тереңдетіп оқытады.

Сонымен қатар, мектеп ғимаратында 150-ден астам өсімдік түрі жинақталған жылыжай бар. Ол жерде «Биология» пәні бойынша интерактивті сабақтар мен практикалық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ мектеп аумағында «Химия» және «Биология» пәндері бойынша ғылыми жобаларды жүргізуге арналған үлкен жылыжай да бар. Жылыжайда оқушылар дәрілік өсімдіктерді және экстраридті климатты өсуге бейдемделуге қабілеті бар өсімдіктерді зерттейді.

Сонымен қатар жылыжай жанында 2019 жылдың маусымында Shell мұнай-газ компаниясының қолдауымен «Күн энергиясы – мектептерге» жобасы аясында күн панельдері орнатылған болатын. Осы күн панельдері арқылы білім ордасында пайдаланатын 25-30% жуық электр қуаты үнемделеді. Баламалы энергия көздерін зерттеу сабақтары мен оқушылардың жобалары осы күн панельдері көмегімен жүзеге асырылады.

Оқушылардың STEM дағдыларын дамыту мақсатында мектепте NIS Engineering зертханасы жұмыс жасайды. Бұл жерде Робототехника сабақтары мен үйірме сабақтары және IT саласы бойынша тың жобалар жарыққа шығады. Бұл зертханада жасалған жобалық жұмыстар республикалық Infomatrix байқауы және республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Мектеп аумағында оқушыларға ұлттық тәрбие мен білім беру мақсатында киіз үй орналасқан. Киіз үйде «Әжеден ғибрат» клубының тәрбие сағаттары, мектеп қонақтарымен кездесулер, «Даналық Бейсенбісі» жобасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні және өнер сабақтары және кураторлық сағаттар жүргізіледі.

Тарих, география және биология пәндері мұғалімдерінің жетекшілігімен оқушылар периодты түрде туған өлке табиғатын зерттеу экспедицияларына шығады. Зерттеудің маршруттары жыл сайын өзгеріп отырады. Осыған дейінгі зерттеу экспедицияларында оқушылар мен олардың жетекшілері жинақтаған тарихи жәдігерлер «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау» атауымен ашылған шағын мұражайда сақталған. Мұражайда тарихи жәдігерлерді табу кезіндегі суреттер мен толық ақпараттар жинақталған.

Мектеп телестудиясы оқушылардың шығармашылық және ғылыми қабілетін арттыру үшін арналған. Ұстаздардың оқу процессін басқару тиімділігін арттыру мақсатында білім ордасы жаңа компьютер жүйелерімен, мультимедиялық кабинеттермен, заманауи компьютерлік техникамен, интерактивті электронды тақталар, жылдам интернет жүйесі және инновациялық бағдарлама құралдарымен қамтылған.

Зияткерлік мектепте үш залдан тұратын кітапхана жұмыс істейді. Алғашқы оқу жылында оқушылар мен ұстаздарға 18 мың кітап қолжетімді. Кітапханада қазақ және орыс, ағылшын тілдерінен басқа қытай, француз, кәріс және неміс тіліндегі кітаптарды да кездестіресіз. Сондай-ақ бұл жерден энциклопедия, ғылыми анықтама, Кэмбридж, Оксфорд баспасынан шыққан кітаптарды, тест жинақтарын және әдеби шығармаларды оқуға болады.

Мектепте екі спорт залынан тұратын спорттық-сауықтыру блогы бар. Оқу ғимараты жанында футбол, воллейбол, баскетбол және жеңіл атлетикамен айналасуға арналған алаңдар, теннис корты мен балалардың демалысын ұйымдастыруға арналған демалыс орындары (беседки) орналасқан. Барлық спорт залдары балалардың спортпен айналысуда қауіпсіздігі үшін арнайы қаптамамен қамтылған. Оқушылардың дене сымбатын қалыптастырып, физикалық тұрғыдан дамып, бұлшық еттерін қалыптастыру үшін жаттығу залы бар.

Негізгі сабақтардан бөлек мектепте 30 жуық түрлі үйірмелер мен клубтар жұмыс жасайды. Олар арнайы жасақталған оқыту кабинеттерінде жүзеге асырылады. Атап айтсақ, мектепте «Тігін шеберханасы», «Домбыра», «Вокалды-инструменталды ансамбль», «Эбру», «Батик» және т.б. үйірмелердің кабинеттері бар. Ол кабинеттерде оқушылардың қолдан жасаған туындылары мен жетістіктері ілінген.

Сонымен қатар мектепте 360 орынға арналған асхана қала балаларын 3 рет тамақтандырса, ал жатақхана балаларын 5 рет уақытылы тамақтандырады.

Алыс-шалғай елді-мекендерде тұратын балалар үшін мектеп 132 балаға арналған жатақхана жұмыс жасайды. 4 балаға жоспарланған ұйықтау бөлмесінде жуынатын бөлме, дәретхана орналасқан. Балалар үшін киім жуу бөлмесі, ата-анамен кездесу бөлмесі, дәрігер кабинеті, медициналық изолятор жұмыс істейді. Интернатта кітап оқу орны да қарастырылған. Балалардың жағдайын тәрбиешілер күні-түні бақылауда ұстайды.

Мектеп мекен-жайы: Ақтау қаласы, 33-шағын аудан.

Эл.пошта: info_a@akt.nis.ed.kz

Веб-сайт: akt.nis.edu.kz

Байланыс телефоны: 8 7292 70 10 66