Новости

Жаңа жұмыс бағыты айқындалды


 Білім беру үрдісінде мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының маңызы зор. Бұл тақырып Утрехт университетінің құрметті білім беру профессоры Тео Вуббельстің қатысуымен өткен семинарда қамтылды. Нидерландтық ғалым тыңдаушыларына терең мазмұнды мәлімет бере білді.

– Оқу үрдісінің табысты болуы – мұғалімге байланысты. Ұстаз бен шәкірт арасындағы жақсы қарым-қатынас – толағай табыстардың бастауына айналары сөзсіз, – дей келе, спикер түрлі факторларға тоқталды.

Конференция аясында Silk Road House сторителлинг бағдарламасының директоры, Eth-Noh-Tec компаниясының атқарушы директоры, Калифорниядағы Әулие Мария колледжінің оқытушысы Дана Шерридің жетекшілігімен өткен «Бастауға қайта оралу: қазіргі сыныптағы сторителлинг өнері» шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Педагог тарих пәнін оқыту аспектілеріне тоқталды.

– Тарихты әр адам әртүрлі қабылдайды. Бұл пән сын тұрғысынан ойлау қабілетін арттырады. Мұғалім оқушыларға өзі айтатын оқиғаға риясыз сенуі керек, сонда ғана шәкірттер оның шынайылығына көз жеткізеді, – деді көпшілік алдында сөз алған спикер.

Жиында аталған пәнді оқытудың тиімді тұстары талқыланды. Шеберлік сыныбына қатысушылар өздеріне пайдалы мағлұмат алғандықтарын атап өтті.

– Мен халықалықаралық сессияға жыл сайын келемін. Әр сапарда өзіме пайдалы көп ақпарат аламын. Мұғалім ретінде өзіміздің біліктілігімізді арттырамыз. Ары қарай қандай бағытта жұмыс істеу керектігін анықтаймыз, – деді Қызылорда қаласындағы ХББ НЗМ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақбота Мамадияр.

 

 



Просмотров: 367
Опубликован: 25 Октября