2016 жыл сәуір айының 13 мен 16 аралығында Қаскелең қаласында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Сулейман Демирель атындағы университетімен бірлесіп ұйымдастырған «Infomatrix-Asia&Pacific» компьютерлік жобалар бойынша халықаралық жарысы өтті.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – робототехникаға, заманауи бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етуді зерттеу және қолдануға қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау.
Тараз қаласындағы «Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 12 сынып оқушысы Тельжанов Асқат Hardware Control категориясы бойынша «Көру мүмкіндігінен айрылған адамдарға арналған кедергілерді анықтаушы құрылғы» жобасын қорғап, күміс медаль иегері атанды.
Оның ұсынған қол құрылғысы басқа конструкциялардан кішігірім көлемі, қолжетімділігі және пайдаланған материалдардың арзандығымен ерекшеленді. Аталған құрылғы көру мүмкіндігінен айырылған адамдарға кеңістікте бейімделуге, нақтырақ айтсақ, айналасындағы материалдық объектілерді және сол объектілерге дейінгі болжамды қашықтықты анықтауға мүмкіндік береді.