Ғарыш кемесі қалай құрастырылады және ұшады? Жұлдыздардың қандай құпиялары бар? Нағыз ғарышкер болу үшін қандай болу керек? Осы және өзге де көптеген сұрақтарға жауапты Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 9,10 сынып оқушылары жыл сайын өткізілетін элективті курстардан алады.
2012 жылдың шілде айының 8-і мен 16-сы аралығында түрлі Назарбаев Зияткерлік мектептерінен келген 48 оқушы Байқоңыр қаласындағы Мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі «В.И.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебі» лейцейінің базасында ғылым-танымдық сабақтарға қатысады. Балалар «Байқоңыртану», «Ғарыштан сабақтар», «Ғарыштық моделизм», «Ғарыштық астрономия» және басқа да аэроғарыштық жобалар бойынша ғылыми-танымдық сабақтардан өтеді. Зияткерлік мектептердің оқушыларынның алдында жұлдызды аспан мен ғаламшарларға нағыз астрономиялық бақылау жасау міндеті тұр. Олар өздері үшін Шолпанның, Марстың, Сатурнның, Юпитер мен Айдың құпияларын ашады. Оқушылар «Энергия», «Буран», «Зенит» зымыран тасығыштарының монтаждау - сынақ кешендерін, «Сатурн» алыс ғарыштық байланыс кешенін, «Союз» зымыран тасығыштарының старттық кешенін, Гагариндік старттық кешенін өз көздерімен көреді. Балалар «Протон-Бәйтерек» зымыран тасығышының старттық комплексінің іске қосылуына куә болады.
Бірақ, дәл осы тұстан қызықты сапар аяқталмайды, алда балаларды жарты ғасырдан астам уақыт бұрын тұңғыш рет адамзат баласы ғарышқа ұшқан ғарыш айлағынан басталып, Байқоңыр қаласы бойынша жалғасатын тамаша экскурсия күтіп тұр. Оқушылар Ғарышкерлерді даярлау орталығында, ғарышкерлер мұражайында, тарихи техникалар көрмесінде, ғарышкерлер аллеясында болады. Байқоңырда өтетін элективтік курстың жоспарында «Қорқыт Ата» тарихи мемориалды кешені мен мұражайына, әскери құрлықаралық баллистикалық зымырандар монументіне, академиктер Королев, Янгель, Челомей, Глушко, Бармин, Рязанский, Кузнецовтарға арналған монументтерде, «Ғылым-ғарышқа» монументіне, «Аполлон-Союз» кеңес-американ ғарыш сапарына, мерт болған зымыраншы-сынақшыларға арналған монументке ат басын бұру қарастырылған.
Элективті курстар Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі қосымша білім беру түрлерінің бірі. Олар 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Курстар өткізілген уақыт ішінде оған 500-ге жуық бала қатысты. Олимпиадаларда, ғылыми жобалар жарыстарында жақсы нәтижеге қол жеткізген оқушылар қазақстандық және шетелдік ғылыми - оқыту ұйымдарындағы курстарда пәндерді тереңірек оқуға мүмкіндік алады. Элективті курстарға: ғылыми практикумдар, зертханалық жұмыс, тілдік курстар, лекциялар, сабақтар, жазғы лагерлер және басқалары жатады. Элективті курстарды таңдау кезінде олардың белсенділік деңгейі және оқушылардың мүмкіндіктерін дамыту және ынталандыру үшін қажет жаңалықтарға назар аударылады. Бағдарлама мазмұны оқушының зияткерлік, шығармашылық, эмоциональды дамуына сәйкес болуы, белсенді оқыту тәсілін кеңінен қолдануы, қазіргі заманғы білім беру технологиясына бағытталған болуы керек. Элективті курстар Қазақстанда, Ресейде, Сингапурде, Ұлыбританияда, АҚШ-та өткізілді.