Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылы 11 тамызда салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшитдинова, сондай-ақ, белгілі ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, педагогтер, оқушылар, ата-аналар қатысты.
Республикамызда Назарбаев Зияткерлік мектептері Елбасының бастамасыен «20 Зияткерлік мектеп» бағдарламасы аясында салына бастады. Ең алғашқы зияткерлік мектеп 2009 жылы Астана қаласында салынды. Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебі қала бойынша екінші мектеп болса, республика бойынша он тоығызыншы мектеп болып отыр.
Ашылу салтанаты аясында келген қонақтар мен оқушылар ең соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталған мектеп кабинеттерін, нано-био-технологиялар зертханаларын, оқушылардың шығармашылық және ғылыми дағдыларын жетілдіруге арналған мектеп телестудиясын аралады. Қонақтар әр түрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жүргізілетін технотория зертханасына ерекше қызығушылық танытты. Бұл зертханада тек мектеп оқушылары ғана емес, қаладағы басқа мектептердің оқушыларына да үйірмелер жүргізіледі.
Мектеп – Қазақстандағы ең ірі білім ошақтарының бірі, жалпы саны 960 оқушыға арналып салынған. Аумағы 5,7 гектардан астам жерді алып жатыр. Ал ғимараттың ауданы - 103 мың шаршы метр. Мектепте екі жабық спорт залдары, бөлек баскетбол және футбол алаңдары, сондай-ақ бақша орналасқан. 9 блоктан құралған мектепте 70 оқу кабинеті мен 25 зертхана қарастырылған. Дәстүрлі оқу кабинеттері мен зертханалармен қатар, мектепте интеграция, техникалық үлгілеу, нано-био-технологиялар, робототехника, жеке сабақтар және психологиялық жеңілдену кабинеттері бар. Кеңейтілген физика, химия және биология зертханалары халықаралық заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. 270 орындық жатақхана, еліміздің басқа да қалаларынан келген дарынды оқушылардың осы мектепте білім алуына мүмкіндік береді.
Үш залдан тұратын кітапхана оқу-әдістемелік құралдармен, классикалық көркем әдебиеттермен, медиатекамен жабдықталған. Кітапхана оқушылар ізденіс жұмыстарын жүргізіп, алынған ақпараттарды талдайтын ақпараттық орталық ретінде жұмыс істейді.
Әр түрлі шараларды өткізуге 480 орындық акт залы, 100 орындық дәрісхана, 50 орындық конференц-зал ыңғайлы етіп салынған.
Оқушылар 500 орындық екі асханада тамақтанатын болады.
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне конкурстық іріктеуде болашақта жоғары деңгейлі Қазақстандық және шетелдік оқу орындарында білім ала алатын жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім алуға қабілетті оқушылар таңдап алынады. Қазіргі уақытта 790 оқушы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» грантының иегері атанды. Грантты жеңіп алған 7-8 сынып оқушыларының орташа балы 1000-нан 819-646 аралығында болса, 9-10 сынып оқушыларының орташа балы 60-тан 28,6-23,4 аралығында.
Мұғалімдер құрамы 140-тан астам жоғары білікті мамандардан құралған. Оның ішінде 54 мұғалім – жоғары санатты. Мұғалімдер арасында «Қазақсатн Республикасы Білім беру ісінің үздігі», Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарының иегерлері бар. АҚШ, Ұлыбритани, Канада, ҚХР сияқты шет мемлекеттерден келген мұғалімдер ағылшын тілінде пәндерден сабақ беріп, мектеп ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жүргізетін болады.
Сонымен қатар, Алматы қаласында ашылғалы отырған химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп жоғары оқу орындарымен байланыста жұмыс атқаратын болады, мектепте ғалымдар мен мұғалімдердің бірлескен «Ғылым әлемін ашамыз!» жобасы іске асырылады. Бұл жоба оқушылардың өнертапқыштық және зерттеушілік дағдыларын қалыптастырып, болашақ жас ғалымдарға өзіндік жеке ғылыми жобаларын жасауға бағыт береді.
Мектепте оқу уақыты сағат 8.00-де басталып, 17.00-де аяқталады. Сабақ уақытында оқушыларға үш мезгіл тамақ беріледі, жатақханада тұратын оқушылар үшін бес мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқу уақытында балаларға кітап оқуға (Reading times), қозғалыс белсенділігіне де уақыт берілген (флешмоб).
Мекен-жайы: Алматы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көш., 2.
Тел.: +7(727)-338-33-00 (қабылдау бөлмесі).
Веб-сайт: hbalm.nis.edu.kz