2017 жылдың 4-8 тамызында АҚШ, Калифорния штаты, Лонг-Бич қаласындағы Калифорния мемлекеттік университетінің базасында IASL-2017 мектеп кітапханасы саласын зерттеу аясындағы 19-шы халықаралық форум және 46-шы жыл сайынғы мектеп кітапханашыларының халықаралық ассоциациясының конференциясына Зияткерлік мектептердің педагог-кітапханашы мамандары қатысып қайтты. Конференцияға әлемнің 100-ден астам кітапханашы мамандары, ЖОО оқытушылары, кітапхана саласындағы сарапшылар, ғалым, профессорлар, ЖОО мен колледждердің оқытушылары, кітапхана ресурстарымен жұмыс жасайтын мамандар қатысты.
Биыл IASL - 2017 конференциясының тақырыбы «Шексіз білім алу» тақырыбына арналды.
Халықаралық IASL-2017 конференциясының мақсаты - бір платформада әлемнің мектеп кітапханашыларының бірігіп мектеп кітапхана саласындағы ортақ мәселелер, қиындықтар мен оны шешудің жолдары, өзара тәжірибе алмасу, идеялар мен пікірлер алмасуының орталығына айналу, мектеп кітапханашыларының үздіксіз білімін жетілдіру, жоғары сапалы ресурстармен қамтамасыз ету, өмір бойы білім алуға негізделген.
Конференция жұмысында әлемнің әр елінде мектеп кітапханасының қазіргі дамуы, оқушының ақпараттық-білім беру сұранысын қалыптастыру және мектептің ақпараттық-білім беру ортасының инновациялық дамуына мүмкіндік беретін, барлық жаңашылдықтың белсенді жалғастырушысы мектеп кітапханашысы деген негізгі идея болды.
Конференцияда Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің аға менеджері А.Ағаділ, Қызылорда, Көкшетау қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің аға педагог-кітапханашылары О.Саламахина және Г.Тубекбаева Зияткерлік мектептердің кітапхана жұмысымен таныстырды. Конференцияға қатысушыларға «Назарбаев Зияткерлік мектептері кітапханаларының жұмысының заманауи әдістері» атты тақырыпта баяндама жасалып, «Кілт сөздер арқылы кітаптар оқу - Hexagon» әдісі практикалық түрде көрсетілді. Әр елдерден келген кітапханашылар үлкен қызығушылықпен практикалық жұмысқа белсенді қатысты. Бұл конференцияға мамандардың қатысуы өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастық және кәсіби әріптестік байланыстарды құруға ықпал етеді.
Конференциядан алған білім, білік, тәжірибелер алдағы уақытта Зияткерлік мектептердің кітапханаларының жұмысына енгізіледі және республикалық деңгейде жалпы білім беру мектептерінің кітапханашыларына тәжірибе түрінде таратылады.