2019 жылғы 21-25 қазанда Көкшетау және Қостанай қалаларындағы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ филиалдарының қызметкерлері Хорватияның Дубровник қаласында өткен жыл сайынғы 48-ші халықаралық конференцияға және мектеп кітапханатану саласындағы зерттеулер бойынша 23-ші Халықаралық форумға қатысты. Биылғы конференцияның тақырыбы - "Жақындасу-Жетілдіру-Трансформация".
Іс-сапардың мақсаты-кәсіби тәжірибемен алмасу, заманауи мектеп кітапханаларының жаңа мүмкіншіліктерімен және жұмыстың жаңа әдістемелерімен танысу, Зияткерлік мектептер кітапханаларының тәжірибесіне мектеп кітапханалары жұмысының инновациялық әдістерін енгізу, әртүрлі елдердің кітапханашыларымен серіктестік қарым-қатынас құру.
ИАСЛ - 2019 жыл сайынғы 48-ші Халықаралық конференциясы өте мазмұнды және қызықты өтті. Күн сайын 6-8 секция және негізгі спикерлердің пленарлық отырыстары өтті. Баяндамашылар өз ақпараттарын келесі бағыттарда ұсынды: зерттеу жұмысы, кәсіби мақала, семинар-тренинг. Отырыстар мен баяндамалардың тақырыптары мектеп кітапханалық қызметінің түрлі салаларын, әлемнің түрлі өңірлерін, мектеп кітапхана ісі саласындағы жаңа техникалық жетістіктерді қамтыды.
Көрме залында қатысушылар ақпараттық орталықтардың, баспа ұйымдарының стендтерімен танысуға, сондай-ақ авторлармен кездесуге және хорват және еуропалық баспа ұйымдарының жаңа әдебиеттерімен танысуға мүмкіндік алды.
ИАСЛ дәстүрі бойынша жергілікті мектеп кітапханалары үшін қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды – әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар ағылшын тіліндегі ұлттық балалар әдебиетінің көрнекті үлгілерін әкелді, барлық жиналған кітаптар кейіннен жергілікті балалар кітапханаларына беріледі, бұл жас оқырмандарға әлем әдебиеттерімен танысуға мүмкіндік береді. Осы акция аясында Қазақстаннан үш кітап сыйға тартылды.
Конференция үшін дәстүрлі және жыл сайынғы Silent auction – қайырымдылық аукционын бөлек атап өту керек, оны сатудан түскен барлық қаражат көмекке мұқтаж мектеп кітапханаларын қолдауға жұмсалады. Осы аукционға қатысу үшін біздің әріптестеріміз Қазақстанның ұлттық мәдениетін бейнелейтін оқушылардың қолөнерін апарды. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының қолымен жасалған кәдесыйлар аукционда үлкен табысқа ие болды. Барлық жиналған қаражат "Books For Children IASL" ИАСЛ арнайы қорына түседі, көмекке мұқтаж аз дамыған елдердің мектеп кітапханалары осы Қорға балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің мектеп кітапхана қорларын жинақтауға қолдау көрсету үшін жүгіне алады.
Аға педагог-кітапханашы Ольга Саламахина (Көкшетау қ. Назарбаев Зияткерлік Мектебі) және Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маслихат Замірбекқызы (Қостанай қ. Назарбаев Зияткерлік мектебі) біздің елімізді және Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің жұмысын "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапханалары: мектеп кітапханасы заманауи мектептегі ақпараттық және білім беру кеңістігі ретінде" презентациясымен таныстырды. Әріптестердің баяндамасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүргізіліп жатқан тәрбие жұмысы, мектеп кітапханалары жұмысының жаңа әдістері туралы айтылды. Баяндаманың ерекше бөлігі "Сүйікті бірінші бет" және "Сұрақтың маңызы" формасымен біріктірілген Reading Man практикалық жұмысы болды. Баяндама әр түрлі елдердің кітапханашыларының үлкен қызығушылығымен және белсенді қатысуымен өтті.
Соңғы күні конференция ұйымдастырушылары мектеп және көпшілік кітапханаларға танысу сапарларын өткізді. Сапар барысында қатысушылар бастауыш, орта және жоғары мектептердің кітапханаларының жұмыс ерекшеліктерімен таныса алды.