Жаңалықтар

«Ұлы дала мұрагерлері»: NIS домбырашыларының мерекелік шашуы


NIS-тің дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбыра флешмобы 1-желтоқсандағы басты жаңалықтардың біріне айналды. Мың бір зияткерлік домбыра барша қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. NIS оқушыларының Құрманғазы, Абай, Дина, Дәулеткерей және басқа да композиторлардың ең танымал күйлерін шебер орындағаны туралы жаңалықтар көптеген телеарна мен порталдың прайм-таймында беріліп, газеттердің бірінші беттерінде жарияланды.

Оңтүстік астанадағы ең үлкен «Апорт молл» сауда-ойын-сауық орталығында аты аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйін тартқан Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп домбырашылары көрермендердің думанды қошеметіне бөленді. Дәстүрлі флешмобқа алғаш рет қатысқан Богдан Миронов осы күйді ерекше шабытпен орындаған:

– Домбыра тартуды Назарбаев Зияткерлік мектебіне 7-сыныпқа түскен сәттен бастап үйрендім. Бүгінгі орындалған шығармалардың ішінде маған Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйі ерекше ұнайды.

Биылғы жылы домбыра флэшмобының басты кейіпкері деп Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің мерекелік концертінде түсірілген ең жас көрерменді атауға болады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобына мыңнан астам жас виртуоз қатысты. NIS-те бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан домбыра бойынша элективті курстар мен «100 күй» мәдени жобасы оқушылардың халық тарихына, оның дәстүрлері мен рухани құндылықтарына деген қызығушылығын арттырады.

 



Қаралым: 108
Жарияланған: 07 Желтоқсан