Жаңалықтар

Бекет Төлегенов пен Абылай Сатылхан «Тұңғыш» деректі фильмінде NIS-ті таныстырды


NIS түлектері Бекет Төлегенов пен Абылай Сатылхан Елбасы күнінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Тұңғыш» деректі фильмінде Назарбаев Зияткерлік мектептерін таныстырды.

Елордада ашылған бірінші физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы түлектерінің бірі Бекет Төлегенов – Елбасының «Болашақ» халықарылық бағдарламасының табысты стипендианты. Ол докторлық диссертация қорғаған NIS-тің алғашқы өкілі. PhD  ғылыми  дәрежесін Бекет америкалық беделді оқу орындарының бірі – Embry-Riddle Aeronautical University-ден алды.  Оқу ордасы аэроғарыштық салада еңбек ететін мамандарды дайындайды.  Embry-Riddle Aeronautical University түлектері NASA, Америка Құрама Штаттарының әскери-әуе және әскери-теңіз күштері, сондай-ақ көптеген елдердің беделді агенттіктері тарапынан сұранысқа ие.

Бекет – Aeronautical University-дің алғашқы қазақстандық студенті, ол «Аэрокосмонавтика» мамандығы бойынша оқу кезінде жоғары академиялық нәтижелер көрсетті, жоғары оқу орнын үздік бітіріп, Оutstanding achievement in mathematics дипломын алған.

Бекет өзінің Тұңғыш Президентпен кездесуі мен алған ақ батасын жиі еске алады.

– Сол кезде мен Нұрсұлтан Әбішұлына ғарыш инженері болуды және Қазақстанның ғарыш державасы ретінде дамуына өз үлесімді қосуды армандайтынымды айттым. Елбасының қолдауы мен ізгі тілектері мені шабыттандырды, – деп мойындайды Бекет.

Бүгінде Бекет Төлегенов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясында инженер болып жұмыс істейді.

Абылай Сатылхан – Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп түлегі. 2018 жылы NIS-тің 10 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» форумында Абылай Сатылхан Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсау кесу рәсіміне қатысқан сәті бейнеленген фотосуретті Елбасына тарту етті:

– Осыдан 17 жыл бұрын еңселі елордамыз – Астанада Сіз тұсауымды кесіп, елімнің лайықты азаматы болуымды тіледіңіз. Мен осы ынтамен өмір сүріп, өз Отаныма адал қызмет ететініме сөз беремін.

Бүгінде Абылай Назарбаев Университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алуда. Колумбия университетінде жазғы тағылымдамадан өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылған жастар форумында Қазақстан атынан сөз сөйлеуі – оның студенттік шақтағы айтулы жетісіктерінің бірі.

«Тұңғыш» деректі фильмі келесі сілтемеде: https://qazaqstan.tv/videos/148912

 

 



Қаралым: 205
Жарияланған: 03 Желтоқсан