Жаңалықтар

Елордалық физика-математика бағытындағы NIS командасы ASTANA INNOVATIONS CHALLENGE STARTUP WEEKEND байқауының күміс жүлдегері атанды


Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Umai» командасы ASTANA INNOVATIONS CHALLENGE STARTUP WEEKEND байқауында жүлделі екінші орын алып, 300 мың теңге көлемінде сыйлыққа ие болды.
 
«Umai» командасының мүшелері Нұртөре Арынұрұлы, Нұрсұлтан Мейрамбеков, Индира Қайратқызы, Уәлихан Рахымжанова жылжымалы модульді гидропоникалық ферма жобасын ұсынды. Әзірлеушілердің айтуынша, гидропоникалық фермалар – ауыл шаруашылығының болашағы. Өсімдіктерді топырақты пайдаланбай-ақ жасанды түрде құрылған ортаға отырғызу жыл бойы кез-келген климаттық жағдайда ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді. 
 
Гидропоникалық фермада дақылдар барлық қажетті химиялық заттар мен элементтерді арнайы қоректік ерітіндіден алады. Балалар мобильді модульдік фермалардың көмегімен топырақтың сарқылуы мен ластануы мәселесін шешуге болатынына сенімді.
 
– Startup Weekend – жұманың кешінен жексенбінің таңына дейін созылатын 54 сағаттық бағдарлама, ол барлық саладағы мамандарды, дизайнерлер мен құрастырушыларды, кәсіпкерлер мен сарапшыларды біріктіреді. Біз климаттың өзгеруі тақырыбында өткен Startup Weekend-тің ең жас өнертапқыштары болдық. Байқауға қатысушылар қалдықтарды кәдеге жарату және баламалы энергетика бойынша өз жобаларын ұсынды, «жасыл кеңселер» және «таза» технологиялар бойынша идеяларын ортаға салды. Төрешілер біздің жобаның өзектілігін, экологиялық тазалық дәрежесін және іске қосылған сынақ үлгісінің болуын атап өтті. Сондай-ақ шаруашылықты дербес басқаруға мүмкіндік беретін «Umai» автоматтандырылған басқару жүйесіне қызығушылық білдірді, – дейді Нұртөре Арынұрұлы.
 
Нұрсұлтан қаласының әкімдігі мен Astana Innovations ұйымдастырған Astana INNOVATION CHALLENGE STARTUP WEEKEND онлайн форматта өтті.


Қаралым: 132
Жарияланған: 30 Қараша