Жаңалықтар

Ауадан ауыз су алу


Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Ерлан Тұралы және физика пәні мұғалімі Лизавета Хамитованың «HYDROPANEL» құрылғысы Маңғыстау облысындағы ауыз су қажеттілігін жоюға бағытталған.

Қондырғы температураның кенеттен өзгеруі есебінен ауыз су жинауға және күн көзінің көмегімен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба авторлары 12-сынып оқушысы Ерлан Тұралы мен физика пәні мұғалімі Лизавета Хамитова құрылғыға авторлық куәлік алды.

– Біздің құрылғы қол жетімді элементтерден тұрады, сондай-ақ көпфункционалды. Тестілеу барысында біз оның күн энергиясын түрлендіріп, ылғалдылық пен температура жоғарылаған сайын су өндіре алатынына көз жеткіздік, – дейді жоба жетекшісі Лизавета Хамитова.

Әзірлеушілердің айтуынша, «HYDROPANEL» тәулігіне шамамен жарты стақан су жинай алады.

– Қазіргі уақытта біз құрылғының прототипін әзірледік. Егер идеяны толығымен жүзеге асыра алсақ, құрылғы тәулігіне шамамен 10 литр су жинайды. Біздің есебіміз бойынша, жоба құны екі миллион теңгені құрайды, - дейді ақтаулық NIS оқушысы Ерлан Тұралы.

Ерлан физика пәні мұғалімінің жетекшілігімен жобаны екі жылдай жасақтап, толықтырулар енгізді, нәтижесінде өз өнертабысына авторлық құқық алуға өтініш берді.

- Болашақта біз жоба ауқымын кеңейтіп, құрылғыны мектеп аумағына, сондай-ақ Ақтау көшелеріне орнатқымыз келеді. Алдағы уақытта HYDROPANEL-ге патент алу жұмыстарын бастаймыз, - дейді 12-сынып оқушысы Ерлан Тұралы.

 



Қаралым: 330
Жарияланған: 12 Қазан