Жаңалықтар

Жасампаздық пен даму: Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі Тәуелсіздік сабақтары


Еліміздің барлық аймақтарынан 50 мыңға жуық жоғары сынып оқушылары бір күнде өткен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Жасампаздық пен даму» Тәуелсіздік сабақтарына қосылды

«30 жыл: Тәуелсіздік – ел тұғыры» виртуалды телекөпірі Назарбаев Зияткерлік мектептері және NIS-пен көп жылдар бойы бірлесіп жұмыс істеп келе жатқан серіктес мектеп оқушыларының басын қосты. Жиынға қатысушыларды біріктірген басты тақырып – Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұту және бүгінгі мектеп оқушыларының ел болашағы үшін жеке жауапкершілігі.

Елордалық физика-математика бағытындағы NIS-те сабақ Ұлт Көшбасшысы – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы және қалыптастырудағы миссиясынан басталды. Жоғары сынып оқушылары алдағы отыз жылда өздерін қалай көретіні туралы ұжымдық болжам жасады – өз елінің нағыз патриоттары, бақытты және табысты мамандар.

Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушылары тарих пәні мұғалімі Гүлнұр Куликеновамен бірге сандық ресурстар негізінде республиканың айтулы жетістіктерін талдады. Сабаққа қатысқан оңтүстік мегаполистің жүздеген жоғары сынып оқушылары арасында №148 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Дана Беделбекова бар:

- Сабақ бір деммен өтті және туып-өскен республикамыз – тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін сезінуге көмектесті. Бүгінде біз жеке туымыз, әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз бен тарихымыздың барын мақтан етеміз.

– Сабақ барысында мені әлемдік көшбасшыларға, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған бөлігі ерекше қызықтырды. Беделді саясаткерлер, мысалы, Маргарэт Тэтчердің Тұңғыш Президентіміздің қызметіне қойған жоғары бағасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікті сақтау ісіне жаһандық шешімдер ұсынған қазіргі заманғы ең мықты және ықпалды саясаткерлердің қатарына кіретінін тағы да дәлелдейді, - деп атап өтті Алматыдағы №107 мектеп-лицейінің оқушысы Бекзат Ділдәбеков.

Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушылары Семей полигонының жабылуы және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы секілді атаулы оқиғаларға SWOT-талдау жасады. Оқытушы Бибігүл Жакиева «Қазақстан тарихы» пәнінің миссиясы – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, мемлекетті дамыту үшін жеке жауапкершілік қалыптастыратынын атап өтті.

Абай, Балқаш, Жезқазған, Саран, Сәтпаев және басқа қалалар мен ауылдардың жүзге жуық жалпы білім беретін мектептері Қарағандыдағы NIS-тің Тәуелсіздік сабағына қатысты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында білім алып жатқан химия пәні мұғалімі Инабат Хамитованың баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды:

- Отыз жыл ішінде еліміздің түрлі салаларында үлкен өзгерістер болды. Білім мен ғылым саласындағы табысты жобалар – Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасын атап өту керек. Қазір мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Пенсильвания университетінде химия магистрі дәрежесін меңгеріп жатырмын, бұл мүмкіндік те – ел тәуелсіздігінің арқасы.

Талдықорғанда ашық сабақтың басты тақырыбы – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы болды, оқушылар ЕурАзЭО-ның саяси, экономикалық, технологиялық маңыздылығын және оның әлеуметтік басымдықтарын талдады.

- Біз ұлттық экономикамыздың Жаһандық әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша өз идеяларымызды ұсындық, - дейді 12-сынып оқушысы Әмір Қуатұлы.

Оралда Тәуелсіздік мәнмәтініндегі әлемдік дін көшбасшыларының съездері, сондай-ақ жаһандық конфессияаралық және мультимәдени диалогтың қалыптасуы басты тақырыпқа айналды. Оқушылардың өздері радикализмнің барлық көріністеріне тұрақты иммунитетті қалыптастыратын білімнің рөлін ерекше атап өтті.

Сарыағаш ауданы Төлеби орта мектебінің оқушысы Арайлым Омарова Елбасының азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімге бағытталған бастамаларының да маңызы зор екенін айтты. Шымкенттегі физика-математика бағытындағы мектепке Оңтүстік Қазақстан облысының 60-тан астам жетекші мектебі қосылды.

Ақтауда Тәуелсіздік құрдастары – химия пәнінің мұғалімі Венера Суровцева және география пәнінің мұғалімі Мирас Құрбанғалиев – жастарға қолдау көрсету және олар үшін атаулы бағдарламалар жасау сияқты мемлекеттік басымдыққа оқушылардың назарын аударды.

Семейдегі NIS-те Тәуелсіздік сабағы Семей ядролық полигонының жабылуына арналды.

- Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді өзгерткен тарихи Жарлығына қол қойылғалы отыз жыл толды. Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – полигонды жабу – біздің сабағымыздың тақырыбына айналғаны заңды, – деп атап өтті директордың орынбасары Лариса Әбілқасымова.

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы мектепте оқушылар Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызмет туралы Заңын зерделеу үшін «Интеллект картасын» жасады.

Қызылорда облысы Ж.Маханбетов ауылының № 143 орта мектеп мұғалімі Индира Мұханова NIS-тегі дәл осындай сабақтардың патриот болуға үйрететініне сенімді.

«Ауыл мектебі» жобасының өкілдері – Катонқарағай және Ұлан аудандарындағы орта мектеп оқушылары мен мұғалімдері Тәуелсіздік сабақтары күні Өскемендегі NIS партасына «жайғасты».

Сабақтың басты қатысушылары арасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қызмет ететін Тәуелсіздік құрдастары бар. Өскемендік Назерке Жұмағазинова мен талдықорғандық Қайсар Нұрбек, астаналық NIS өкілі Әнел Әлібай мен Мөлдір Ахметбекова Тәуелсіздік олардың ұрпақтарына өмірлік және кәсіби табысқа шексіз мүмкіндіктер ашқанын мойындады.

Павлодардағы NIS-тің Тәуелсіздік сабағы Педагогикалық шеберлік Орталығының қолдауымен облыстық «ERTIS» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді.

Павлодар қаласының әкімі Асаин Байханов NIS оқушыларының ерекше жауапкершілігін атап өтті:

- Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу – үлкен мәртебе. Тәжірибелі мұғалімдерден білім алып, заманауи техникалық базаны игере отырып, еліміздің болашағы үшін жұмыс істейтін мықты буын болатындарыңыз сөзсіз.

Қытай Халық Республикасынан Тәуелсіздік сабағына Desheng School International серіктестік мектебі қосылды, шетелдік оқушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен танысты.

Тәуелсіздік сабақтары Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Сингапур, Малайзия, Түркия, Қытай, Армения, Өзбекстандағы шетелдік NIS серіктес мектептері үшін жоспарланған.

 

 



Қаралым: 1992
Жарияланған: 15 Қырқүйек