Жаңалықтар

NIS-тің Атырау облысының білім беру жүйесіне көмек көрсету жөніндегі жобасы


Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға көмек көрсету» жобасы бойынша кеңес өтті.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір үшін білім беру сапасын арттыру және Зияткерлік мектептердің тәжірибесін енгізудің маңыздылығын атап өтті:

– Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында әрдайым әлеуметтік маңызды бағыттарды, яғни білім беру мен денсаулық сақтауды басымдыққа қояды. Әрбір азамат сапалы білім алуға құқылы. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін әлемдік сарапшылар қауымдастығы мойындап отыр. Біздің мақсатымы – облыстағы білім сапасын және оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Өңірде білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен екіжақты келісімдерге қол жеткізілді.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова 5 блоктан тұратын жобаның негізгі бағыттарын ұсынды, оның басымдықтары талдау және мониторинг, балалардың игілігі, мүмкіндіктер мектебі, педагог кадрлар, инфрақұрылым болып табылады.

Барлық жалпы білім беретін мектептердің 14 жастағы оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша мониторингтік зерттеулер, 50 мектептің 4 және 8-сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу жоспарлануда. Зерттеулер мен мониторинг нәтижелері бойынша әр оқушыға, әр сыныпқа және мектепке есептер ұсынылады. Білім беру сапасы туралы деректерді жинау және талдау жөніндегі талдамалық топ құрылатын болады. Сондай-ақ, педагог қызметкерлердің қажеттіліктерін зерделеу бойынша жұмыс жоспарланған және олардың нәтижелері бойынша цифрлық сауаттылыққа баса назар аудара отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру ұйымдастырылмақ. Мектеп инфрақұрылымы мен білім беру ортасын дамыту бойынша консультациялық қолдау көрсетілмек.

Қазіргі уақытта оқушылардың психологиялық игілігі мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты, ең алдымен, ата-аналармен отбасылық қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі жұмыстар ұйымдастырылады.

Атырау қаласының Береке шағын ауданында салынып жатқан ғимарат негізінде жоғары мектеп құру жоспарлануда.

Бүгін, сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ командасының облыстың барлық жалпы білім беретін мектептерінің директорларымен онлайн кездесуі өтті.

 

 

 

 

 



Қаралым: 55
Жарияланған: 12 Сәуір