Жаңалықтар

NIS ғарыш кемесін ұшырады


Адамзаттың ғарышқа ұшуына 60 жыл толу құрметіне орай Космонавтика күні қарсаңында елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік  мектепте «NIS Space Z» ғарыш зертханасы өз жұмысын бастады.

Зертхана базасында космонавтикаға ерекше қызығушылық танытып, болашағын авиация мен астронавтикамен байланыстырғысы келетін 7-10 сыныптың 70-тен аса оқушысы арнайы «NIS Space» курсын өтеді.

«NIS Space» оқушыларды космонавтика саласындағы соңғы жаңалықтармен таныстырумен ғана шектелмейді, зертханада жас зияткерлер өздерінің ғарыштық ұшу аппаратын құрастыратын болады!

Мектеп директоры Мейрам Жәкеновтың айтуынша, қазір Зияткерлік мектепте космонавтиканы кеңінен насихаттау және оқушылар арасында ғылыми-техникалық білімнің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа, өте қызықты білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның ғылыми жетекшісі - Халық қаһарманы, Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры, ғарышкер Айдын Айымбетов. 

Қазіргі уақытта «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Республиканың ғарыш саласының жетекші мамандары, ғалымдар мен сарапшылар Зияткерлік мектеп оқушыларына өз ғарыш аппаратын құрастыруға жағдай жасап, ең жаңа ғарыштық технологиялар қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектесетін болады. Мектеп директоры атап өткендей, PocketQube немесе femto – satellite сияқты шағын ұшу аппараттарын құрастыру Зияткерлік мектеп оқушыларына ғарыштық техниканы жасаудың өндірістік кезеңдері туралы білім алып, ғарыш саласында нақты зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді.

Жоба бағдарламасы бойынша қатысушылар үш бағытта: «Ғарыш механикасы», «Электроника» және «Бағдарламалау» топтарында теориялық білімдерін тереңдетеді.

Мектеп оқушылары «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясына қарасты, ғарыш аппараттарын құрастыру және сынаумен айналысатын «Ghalam» ЖШС қызметкерлерінің басшылығымен жұмыс істейді. Жас зияткерлер ғалым ағаларының көмегімен  Solidworks және Altium Designer бірыңғай дизайн ортасының бағдарламалық өнімдерін және Python бағдарламалау тілін меңгереді, зертханалық жұмыстар мен практикумдар орындайды, Ұлттық ғарыш орталығының зертханаларында шеберлік сыныптарына қатысады.

«Электроника» бөлімі бойынша сабақтарды R&D департаментінің инженер маманы Арман Базарбайұлы Сыздықов жүргізеді. Олжас Тасқожа мен Ербол Сарсембаев - «Ghalam» ЖШС құрастырушы-технологиялық бюро мамандары жас зияткерлерді программалау тіліне үйретеді.

Балалар физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қ.С.Бақтыбековтың жетекшілігімен ғарыш механикасы мен астродинамика негіздерімен танысады. Казбек Сулейменұлы – ғарыш аппараттарын жобалау және құрастыру жұмыстарын жүргізетін «Ғаламаттағы» технологиялық бюроның ғылыми жетекшісі.

Биылғы жылы оқушылар шағын ғарыш аппаратының  макеті бойынша жобалау жұмыстарын бастайды,  ракетаның негізгі элементтерін 3D принтерде басып шығарады.  Келесі кезеңде аппаратты құрастыруға кірісіп, ішкі жүйелерді әзірлейді, ғарыш кемесін электроника мен борттық бағдарламалармен жабдықтайды.

Жұмыстың ең маңызды шешуші кезеңі – ғарыш аппаратын сынақтан өткізу.  Ұшу  нысанына әсер ететін әртүрлі механикалық жүктемелер негізінде жас зияткерлер алғашқы зерттеулерін жүргізеді.

Жұлдыздарға ұшуды армандайтын Зияткерлік мектептің жас ғарышкерлері үшін «NIS Space» зертханасы жоғары технологияларды игерудің алғашқы қадамы болады.

 



Қаралым: 40
Жарияланған: 12 Сәуір