Жаңалықтар

TEDxYouth@NISShymkent – халықаралық TEDx Talks каналында


Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS тәуелсіз шара өткізуге арналған TEDx лицензиясына екінші мәрте ие болып, TEDxYouth@NISShymkent ұйымдастырды. NIS оқушылары барша әлемге өз пікірін жеткізіп, жаһанмен өз идеялары мен жұмыстарымен бөлісті.

The Age of Excessive Needs (Шектен тыс қажеттіліктер дәуірі) тақырыбындағы TEDxYouth@NISShymkent конференциясының спикерлері – жас ораторлар Нұрмұхамбет Серікбаев, Сабыр Берікұлы, Асылбек Сәдуақасов, Есенғали Маханов, Әлихан Мадали және Зейна Бижанова болды.
 
Нұрмұхамбет әлемде адам санының көптігі және оның күрт өсуі туралы тақырыпты қарастырса, Зейна оқушының оқу кестесін қалай дұрыс ұйымдастыру керектігі туралы айтты. Әлихан Мадали, «Өткенге де, келешекке де назар салмай, дәл қазіргі сәтте бақытты болу үшін не істеу қажет деген?» терең философиялық сұрақтың жауабын іздеп көрді. Бұған қоса, балалар өздерінің ғылыми еңбектерін де ұсынған болатын. 11-сынып оқушысы Есенғали Маханов «Жасанды эко-ағаш» ауа тазартқыш өнертабысын, Асылбек Сәдуақасов уақытты үнемдеуге және тұрмыстық мәселелерді оңтайландыруға арналған «Ақылды үйдің» моделін ұсынды.
 
− Мен Tedxyouth@Nisshymkent сынды үлкен іс-шараға қатысқаныма қатты ризамын. Менің тақырыбым кітаптар және оның адам өміріне деген ықпалы жөнінде болды. Конференция ұйымдастырушыларына зор алғысымды айтқым келеді. Осындай шаралар көбірек жасаңыздар деп тілегім келеді! – деп конференцияның ең кішкентай қатысушысы, 8-сынып оқушысы Сабыр Берікұлы пікір білдірді.
 
Конференция ұйымдастырушысы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ксения Аликулова. Оған мектеп оқушылары Әсем Бисенбай, Мерей Қасымбекова, Әлиза Момышева, Әсел Асқарова, Шыңғыс Нарсейіт Сағи Қасымбектер өз көмектерін тигізген. Осы балалардың арқасында үлкен планетамыздың әрбір тұрғыны көре алатын қойылымдар ұйымдастырылды.
 
«TEDx Talks» youtube каналының 30 млн жазылушысы бар, ал оқушылардың видеосы екі күнде мыңнан аса қаралым жинады.


Қаралым: 65
Жарияланған: 04 Наурыз