Жаңалықтар

Туған тарихын білу – әр қазақстандықтың парызы


Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Арман Аккузов тарих пәнінен олимпиадаға бірінші рет қатысуда. Ол бұған дейінгі жылдары білім сынағында орыс тілінен білім таластырған. Пәннің өзгеру себебін оқушы олимпиада — жаңа белес, жаңа мүмкіндіктер екендігімен түсіндірді. 

Ал Қарағандыдан Еммануил Грибов Қазақстан тарихын сүйіп оқиды. 

– Маған Қазақстан тарихы қатты ұнайды. Тарихи кітаптарды оқи отырып, тәуелсіздікке жету жолында еліміздің қандай қиындықтарды өткергенін біліп, елдің өткенімен жақын танысамын.

Талдықорғандық Іңкәр Мейірхан – б иологиядан желілік олимпиаданың жүлдегері,  биология мен экологиядан  «Дарын», республикалық олимпиадасының жеңімпазы,  ал бұл жолы тарих пәнінен білімін сарапқа салуда:

– Егер алдыңа мақсат қойып дайындалсаң, олимпиада қиын болмайтынына сенімдімін.  Ең қызықты әрі мәңгілік сұрақтардың қатарында Қазақ хандығы, Моңғол империясы төңірегіндегі сауалдар бар. Аталған кезеңдер терең зерттеу үшін әрдайым өзекті.

Ақтаудағы NIS оқушысы Мадияр Серік тарих пәніне қызығушылықты ұстазы Салтанат Жалғасбаеваның оятқанын айтады:

– Төменгі сыныпта оқып жүргенде танымал тарихи тұлғалардың биографиясын оқығанды жақсы көретінмін. Ал, зияткерлік мектепте ұстазым Салтанат Тұрарбекқызы, сабақтарды өте қызықты өткізгені сонша, тарихи оқиғаларға ерекше назар аудара бастадым.


Ақтөбедегі NIS-тен Лунара Булатова  ел тарихын білу – әрбір қазақстандық азаматтың міндеті екеніне сенімді:

– Жетінші сыныпқа келгенде  Қазақстан тарихы пәнінен білімім жеткіліксіз екендігін түсіндім,  бағамды түзету мақсатында тарихқа көп көңіл бөлдім, жіті оқыдым. Осыдан болар  қызығушылығым оянып, енді міне, желілік олимпиаданың қатысушысы атанып отырмын. Бұл мен үшін үлкен мотивация!

Камила Құрамысова құқық негіздері секциясында Ақтөбедегі NIS намысын жалғыз қорғауда:

– Менің арманым - құқық қорғау саласында қызмет ету, білікті адвокат болу.



Қаралым: 89
Жарияланған: 27 Ақпан